Халықтық талқылаудан өткен жаңа Конституция
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жаңаөзен қалалық коалициясының мүшелері «Өзенэнергосервис» коммуналдық кәсіпорынында ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізді. Коалиция мүшелері Жаңаөзен қаласы мен іргелес елді мекендерге электр энергиясын тарататын ұжымға Конституциялық референдумның маңызын түсіндірді, деп жазады otpannews.kz.
Коалиция мүшелері жаңа Конституцияда адам және оның өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп танылғанын атап өтті. Жаңаөзен қалалық коалициясының төрағасы Темір Мусаев Жаңа Конституция жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау, ашық қоғамдық пікірталастар нәтижесінде әзірленгендігін атап өтті.
Ашық талқылауға халықтан 10 мыңның үстінде ұсыныстар келіп түскен. Бұл жаңа Конституция жобасының халықтық сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Конституцияда азаматтардың игілігіне берілген мемлекеттік кепілдіктердің сақталатындығы және елімізде тұрақтылық пен әділетті қоғам орнатуға мүмкіндік беретіні нақтыланған, - деді Темір Мусаев.
Жиында сөз алған коалиция мүшелері Президенттің бастамасымен қоғамдық-саяси реформалардың қолға алынғандығын баяндады. Олар адам өмірін жоғары бағалаған Ата заңның мәртебесі биік екендігін атап өтіп, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басуы үшін Халықтық Конституцияны қолдауға шақырды.