«Казмортрансфлот» ұжымы референдумға қатысуға ниетті
«Казмортрансфлот» ұжымында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жиынға коалиция мүшелері Нұри Тумышев, Гүлназ Насридинқызы, Сабина Бисенбаева, Еркін Оңғалбаев қатысты. Олар компания қызметкерлеріне Конституция жобасының негізгі ерекшеліктері мен маңыздылығын кеңінен таныстырды. Нұри Тумышев Ата заңға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
- Бұл – үлкен өзгеріс. Конституцияның 80 пайыздан астамы жаңарады. Сондықтан біз оны жаңа Конституция деп қабылдап отырмыз. Заман талабына сай қоғам да, адам да өзгеруде, цифрландыру үдерісі қарқын алды. Мұның бәрі жаңа Конституция қабылдауға негіз болып отыр. Бүгін біз ұжыммен кездесіп, құжаттың қалай жұмыс істейтіні, қандай өзгерістер бар екені жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қызметкерлер өз ой-пікірлерін білдірді. Көпшілігі референдумды қолдайтынын айтты. Өз басым бұл өзгерістерді оң қадам деп есептеймін, — деді Нұри Тумышев.
Кездесу барысында заң үстемдігін нығайту, әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар компания қызметкерлері өздерін толғандырған сауалын қойып, ұсыныс-пікірімен бөлісті.
Компания қызметкері Ертілек Ғали референдумға қатысудың маңызын атап өтті.
- Барша азаматты референдумға қатысуға, елдің жаңаруына үлес қосуға шақырамын. Бұл өзгерістер, әсіресе, жастар саясаты мен волонтерлік қызметті дамытуға оң әсер етеді деп сенемін, - деді ол.