Қазақстанда бірқатар қара шай түрінің сатылуына тыйым салынды
Қазақстанда санитариялық бақылау нәтижесінде қара шайдың бірнеше маркасын саудаға шығаруға шектеу қойылды. Бұл шешім бақылау мақсатындағы сатып алулар мен зертханалық сараптамалар барысында анықталған заңбұзушылықтарға байланысты қабылданды. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мамандар жүргізген тексеріс кезінде шай құрамынан тағам өнімдерінде қолдануға рұқсат етілмеген синтетикалық бояғыштар табылған. Атап айтқанда, сусынға жасанды түрде қанық түс беретін Е110, Е102 және Е124 қоспалары анықталды. Бұл бояғыштар шай өндірісінде қолдануға қатаң тыйым салынған.
Санитариялық қызметтің мәліметінше, аталған өнімдердің бірқатары жалған мекенжайлармен таңбаланған. Өндіріс және қаптау орындары туралы жалған ақпарат өнімнің заңсыз дайындалып, тиісті рұқсат құжаттарынсыз айналымға түскенін көрсетеді.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайда арзан әрі сапасыз шикізатты сапалы шай ретінде көрсету үшін бояғыштар қосылады. Нәтижесінде шай тіпті суық суда да тез боялып, табиғи емес қанық түске енеді. Бұл – фальсификат өнімнің басты белгілерінің бірі.
Тексеру қорытындысы бойынша төмендегі шай өнімдерін сатуға және сатып алуға тыйым салынды:
• «Апамның шәйі Premium Gold», «Al-Hayat Golg», «БАЛҚИЯ Premium Gold» («Orda Trade Astana» ЖШС);
• «Sultan Suleyman», «Pakistan Tea» («Real Trade Astana» ЖШС);
• «БАЛҚИЯ Premium Gold» («Аль-Хадия» ЖК);
• «Aje Onim» («Орда Чай» ЖК, «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша);
• «Al-Hayat Golg» («Empire KENIY E.P.Z. Limited»);
• «Al-Jannat Premium» («Ferdaus» ЖК);
• «Alfarah» (өндіруші көрсетілмеген).
Аталған өнімдерді нарықта өткізуге тыйым салу 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап күшіне енді.