Қарынжарық ойысына келетін туристердің 60 пайызы – шетелдіктер
Маңғыстаудағы Қарынжарық ойысы шетелдік туристер жиі келетін танымал бағыттардың біріне айналып келеді. Бұл туралы «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Аманқос Әбиев журналистерге арналған пресс-тур барысында айтты, деп хабарлайды otpannews.kz сайтының тілшісі.
Аманқос Әбиевтің айтуынша, Үстірт аумағындағы Өнере туристік маршрутына кіретін Қарынжарық локациясы Бозжыраға қарағанда 1,5 есе биік тауларымен ерекшеленеді, биіктігі 160 метрден асады.
- Қарынжарыққа келетін туристердің 60 пайызы – шетелдіктер. Оның ішінде Италиядан келетін туристер өте көп. Қытай мен Ресей елдерінен де саяхатшылар келеді. Сонымен қатар әлемнің әр түкпірінен арнайы келетін фотографтар бар. Олар Қарынжарықтың қайталанбас көрінісін таспаға түсіріп, оны өз шығармашылық туындыларына арқау етеді, – деді Аманқос Әбиев.
«Қарынжарық» ойысына қызығушылықтың артып келе жатқанын туристік компания өкілдері де айтып отыр. «Visit Aktau LTD» тур компаниясының директоры Абылайхан Жайылхановтың айтуынша, соңғы екі жылда шетелдік саяхатшылар арасында бұл локацияны сұрайтындар көбейді. Бұған дейін шетелдіктер көбіне Бозжыраға қызықса, қазір Қарынжарыққа да сұраныс артқан.
- Қарынжарыққа біздің турларымыз арқылы Польша, Филиппин және Малайзиядан саяхатшылар келіп жатыр. Мұндай үрдісті соңғы екі жылда анық байқап жүрміз. Бұрын шетелдіктер негізінен Бозжыраны білетін. Қазір туристер Қарынжарық локациясын арнайы сұрайды. Қарынжарыққа жету үшін саяхатшылар алдымен Ақтаудан Жаңаөзенге дейін шамамен 160 шақырым жол жүреді. Одан әрі Құланды ауылы арқылы тағы 130 шақырымдай жол жүріп, Қарынжарыққа жетеді. Жалпы өңірде саяхатшылар арнайы келетін 10-нан астам туристік локация бар. Маңғыстауға келген шетелдіктер өңірдегі кең алқапты, биік жартастар мен ерекше жер бедерін көру үшін орта есеппен 10 күндей болады, - деді Абылайхан Жайылханов.
Қарынжарық ойысы өңірдің Қарақия ауданы аумағында орналасқан. Ұзындығы 90 км-ге жуық, енді жері Кендірлі сорын қосып есептегенде 12 км. Қорық аумағындағы туристік нысанға кіру үшін арнайы рұқсат қағазын алу керек.
- Өнере туристік маршруты «Үстірт» табиғи қорығында орналасқан. Қорық аумағына кіру үшін арнайы рұқсат қағазы дайындалады. Биылдан бастап рұқсат қағазы онлайн форматта беріледі. Рұқсатты туроператорлар мен сахатшылар қорықтың платформасы арқылы алады. Онда саяхатшы туралы мәлімет, алып келетін көліктің мәліметтері көрсетілуі тиіс, - деді мемлекеттік қорықтың бөлім басшысы Аманқос Әбиев.
Өнере туристік маршрутына Қарынжарық ойысынан бөлек Өнере бұлағы кіреді. Табиғи нысан жер астынан шығатын су көзі ретінде ерекшеленеді. «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының мамандарының айтуынша, бұлақ суы мөлдір әрі таза.
- Өнере бұлағының суы жер астынан шығып жатыр. Суы мөлдір, таза. Бұлақ теңізден екі есе ащы, сондықтан мұнда балықтар жоқ. Бұлақтың жалғасында сарқырама бар. Жергілікті халық оны «табиғи джакузи» деп атайды. Мұнда келген саяхатшылар бұлаққа шомылып жатады, - деді Аманқос Әбиев.
Айта кетейік, жергілікті журналистерге Өнере туристік маршруты бойынша пресс-турды Маңғыстау облысының туризм басқармасы ұйымдастырды. Басқарма өкілдері бұл бағыттың өңір туризмін әртараптандырудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
- Маңғыстауда саяхатшыларға ұсынатын ерекше орындар өте көп. Біз көбіне Бозжыра, Қызылкүп, Ыбықты, Тұзбайыр сияқты орындарды айтып жүрміз, алайда Қарынжарық, Өнере секілді табиғи нысандардың да туристік әлеуеті өте жоғары. Сондықтан осындай пресс-турлар арқылы бағыттарды таныстырып, олардың танымалдығын арттыруды көздейміз», – деді басқарма басшысы Мәншүк Қабдықызы.