Бюджет қаражатын жымқырған: Маңғыстауда аурухананың бас есепшісі сотталды
OTPANNEWS.KZ. - Сот үкімімен Маңғыстау көпбейінді облыстық ауруханасының бас есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы прокуратурасы мәлімдеді.
Облыс прокуратурасының тексеруі нәтижесінде ауруханада 32 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқыру фактісі анықталды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен (аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу барысында бас есепші танысымен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың шоттарына аударып, кейін оларды қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды.
Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді», деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, бас есепшінің сыбайласына 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.