Otpan News Logo

Берекесі бірлікпен бекіген Әміровтер әулеті

|
12.09.2026 12:05
Берекесі бірлікпен бекіген Әміровтер әулеті

Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қастерлі ұғым. Ол – мейірім мен махаббаттың, сыйластық пен жауапкершіліктің, тәрбие мен тағылымның алтын бесігі. Адамның азамат болып қалып тасуы да, елдің ертеңгі тұғырының беріктігі де, отбасындағы тәрбиеге байланысты. Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі шаңырақтың берекесі – елдің берекесі.


Осы тұста отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні жыл сайын ресми түрде аталып өтеді. Мереке қарсаңында үлгілі әулеттерді ұлықтау мақсатында түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Сондай байқаулардың бірі – «Мерейлі отбасы». Биыл аталған байқаудан көптің ішінен топ жарған Әміровтер отбасы екінші орын иеленді. Әділқазылар алқасының сүзгісінен өтіп, талайдың ішінен таңдап алынған ұлағатты отбасы туралы біз де газет бетіне жазуды ұйғардық.


Әміровтер әулетінің бір ерекшелігі – темір жол мамандығына атадан бастап балаға дейін бас иеген. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» демекші, отбасының отағасы Табылды Әміровтің еңбек жолы – ұрпағына үлгі-өнеге.


Табылды Әмірұлы 1953 жылы 20 наурызда Атырау облысы, Исатай ауданында дүниеге келген. Ақтөбе қаласындағы темір жол техникумында білім алып, оны үздік аяқтайды. Одан соң Алматы темір жол институтында білімін жалғастырып, оны да сәтті оқып шығады. Кейін ел қатарлы әскерге аттанып, борышын абыроймен өтеп келген соң мамандығы бойынша еңбекке араласып кетеді. Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе станциясында қарапайым пойыз құрастырушы болып жұмысқа орналасқан ол уақыт өте келе ірі темір жол тораптарының басшысына дейінгі абыройлы қызметке дейін көтеріледі. Қай қызметте жүрсе де Табылды Әмірұлы тек өндірістің ғана емес, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне де ерекше көңіл бөлді. Үстірт, Сайөтес, Шетпе, Құлсары, Маңғыстау станцияларындағы басшылық қызметтерінде темір жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің қиын-қыстау кезеңдерінде ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Су тасқыны, табиғи апаттар кезінде халыққа қолдау көрсетіп, қиындықтарды еңсеруге белсенді атсалысты.


Еңбектегі ерен табысы үшін ҚР Президенті, «Нұр Отан» партиясы және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хатымен, «Құрметті теміржолшы», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан темір жолына 100 жыл», «Өзен мұнай кенорнына – 40 жыл», «Біртұтас қазақ темір жолына 50 жыл», «Жаңаөзен қаласына 40 жыл», «Маңғыстау облысына 35 жыл», «Маңғыстау мұнайына 50 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Маңғыстау облысына 40 жыл», «Ақтау қаласына 50 жыл», Маңғыстау облысы әкімнің Құрмет грамотасы, ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасы, «Маңғыстау темір жолына 50 жыл», «Қазақстан мәслихатына 20 жыл», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан темір жолына 110 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл, «ҚР Конституциясына 20 жыл», «Еңбек Ардагері» төсбелгісі және мерекелік медальдармен марапатталды. Табылды Әмірұлы – еліміздің ең биік наградасы «Құрмет» орденінің иесі. ҚР Мәслихаттарының Құрметті депутаты, Маңғыстау облысының, Мұнайлы ауданы және Атырау облысы Исатай ауданының Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы, Алматы темір жол академиясының Құрметті професоры.


Отанасы Шәмша Мұстажапқызы 1957 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ол да саналы ғұмырын темір жол саласының дамуына арнап, отағасымен бірге бірнеше жылдар бойы осы салада абыройлы еңбек еткен жан.


Отбасының тұңғышы Арайлым Әмірова мен оның жолдасы да теміржол саласында ұзақ жылдан бері абыройлы еңбек етуде. Арайлым Табылдықызы – «ҚТЖ»АҚ»ҰК» Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің Экономика бөлімінің бастығы. Жолдасы Қарақат Жақанов–Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің бастығы. Бұл отбасы – 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя.


Отбасының екінші қызы Маралдым Әмірова мен оның жолдасы Сейтжан Үсен да бүгінде темір жол саласында абыройлы қызмет етуде. Әке жолын жалғастырған Маралдым Маңғыстау станциясында дөңес кезекшісі болса, жолдасы Сейтжан Маңғыстау сигнализация және байланыс дистанция бақылау пунктының аға электро-механигі. 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған отбасы. Өмірде ақ пен қара бірге жүретіні секілді, бұл отбасын да қайғы айналып өтпеді. Табылды Әмірұлы мен Шәмша Мұстажапқызының отбасында дүниеге келген үшінші перзент Ақмаржан Әмірова 2003 жылы өмірден өткен.


Жанұядағы жалғыз ұл Сәкен Әміров Ақтау теңіз портында қызмет етеді. Ал келіні Гүлмира Мұстажаева мәдениет саласының қызметкері. Олар 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.


Әулеттің төртінші перзенті Жазира Әмірова ұстаздықты таңдаған. Мұнайлы ауданы бойынша №3 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, жолдасы Бақыт Емеш – мұнай саласының маманы. 2 ұл, екі 2 қыз тәрбиелеп отырған берекелі отбасы.


Бесінші перзент Жадыра Әмірова мен оның жолдасы Айбек Бимағамбетов – темір жол саласының қызметкерлері. Қазіргі таңда Қызылорда облысында тұрады. 3 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы.


Айгүл ОРЫНБАЕВА

45
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!