Adidas Ақтауда түсірілген бейнероликті жариялады
Ақтауда түсірілген шығармашылық жоба әлемге әйгілі Adidas брендінің Instagram парақшасында жарияланды. Бейнероликте қазақтың күнделікті тұрмысы мен ұлттық болмысы заманауи көше стилі форматында көрсетілген, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жобаны ақтаулық режиссер Айдана Меди мен продюсер Диана Меди жүзеге асырған. Шығармашылық топ бастапқыда брендке арнап бейнероликті өз портфолиосы үшін түсірген.
Қазақы нақыш пен заманауи стильді үйлестірген видео Instagram желісінде 1 миллионнан астам қаралым жинаған. Бұл өз кезегінде Adidas командасының назарын аударып, қазақстандық шығармашылық топқа брендтің жаңа топтамасын таныстыруға арналған ресми жобаны ұсынуына себеп болған.
Жоба авторлары қазақ мәдениетін шетелдік аудиторияға таныстыруда қалыптасқан образдардан гөрі күнделікті өмірді көрсетуге басымдық бергенін айтады.
Біз дәстүр мен заманауилықтың қатар өмір сүре алатынын көрсеткіміз келді. Сондықтан бейнероликтерде қазақтың күнделікті тұрмысын, ауыл өмірін және ұлттық ойындардың бірі – ләңгіні заманауи стильмен үйлестіріп көрсеттік, – деді Диана Меди.
Түсірілім Ақтаудың 22-шағынауданында, сондай-ақ Қызылтөбе және Дәулет ауылдарында өткен. Жоба аясында Adidas-тың жаңа топтамасына арналған бейнероликтер мен фотосуреттер әзірленіпті.