«Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысы 2027 жылы басталады
Жаңа автожол Арал өңіріндегі көлік қатынасын түбегейлі өзгертеді. Бейнеу мен Сексеуіл арасындағы «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысы 2027 жылы басталады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы Арал өңірі дамуына жаңа серпін бермек. Ұзындығы 559 шақырым жолдың жобалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жоба екінші техникалық санаттағы екі жолақты жолдан тұрады. Сонымен қатар Шалқар, Сексеуіл және Тұрыш ауылдарына кірме жолдар салынуы жоспарланып, жалпы ұзындығы 725 шақырымға жетеді. 90 пайыздан астамы отандық өнім. Өңір аралық жол құрылысы бойынша жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі.
Жобаны іске асыру барысында EPC келісім шартты механизмі енгізілуде. Мердігер жолды өзі жобалап, салып қана қоймай, 7 жыл бойы күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады.
«Қазіргі уақытта құрылысқа қатысты техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Халықаралық қаржы институттарымен қаржы тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. 2026 жылы қажетті құжаттарды рәсімдеу жоспарланса, құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталады деп күтілуде», - деді Нұртілек Хасенов.