«Аңсап жүр жаным даланы»: Ерекен Қорабаевтың шығармашылық кеші өтті
Маңғыстау ауданы Шайыр ауылдық мәдениет үйінде елге танымал қаламгер, балалар жазушысы, сатирик, ақын және сазгер Ерекен Қорабаевтың 70 жас мерейтойына арналған «Аңсап жүр жаным даланы» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шара ауылдың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Кеш барысында қаламгердің шығармашылығына шолу жасалып, туған жер тақырыбына жазылған өлеңдері мен әндері орындалды. Кеш қонақтарына автордың «Арман ару», «Қаратау бойында», «Даланың желі», «Нарлы мекен», «Таң» сынды туындылары ұсынылды. Сондай-ақ іс-шара аясында Ерекен Қорабаевтың жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Мерейтойлық кештің тағы бір бөлімі ретінде ауылдың 100 жылдығына орай жарияланған «Қаратаудың бойында» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Ерекен Қорабаев – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, халықаралық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері. Оның қаламынан «Маңғыстау әзілдері», «Есі бар тентек», «Қара күшік» секілді кітаптар жарық көрген.