Ана үйі 13 жылда 8 мыңға жуық тағдырға араша болды
Осы жылдың қаңтарындағы ресми статистикаға сәйкес, елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20 798 бала бар. Оның 500-ге жуығы Маңғыстау облысында, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Еліміздегі жетімдіктің алдын алуға бағытталған ең ірі және табысты қайырымдылық жобаларының бірі – Ана үйі жобасы. Жоба 2013 жылы қазақстандық кәсіпкерлердің бастамасымен қолға алынды. Содан бері 13 жыл ішінде елдегі жетімдік деңгейі 73%-ға төмендеп отыр.
Ана үйінің 13 жылдық қызметінде 7 721 әйел қордан уақытылы атаулы әлеуметтік көмек алды, олардың балалары балалар үйіне түспей, өз отбасыларында қалды. Бүгінгі таңда Ана үйі елдегі аналардың жаңа туған сәбилерінен бас тартуының 70% алдын алып отыр.
Ана үйі жобасы еліміздің 18 қаласында жұмыс істейді. Өңірдегі Ана үйі 2015 жылы ашылып, меценат Қанат Бекетұлының қолдауымен бүгінгі күнге дейін қызмет етіп келеді.
“Орталық өмірлік қиын жағдайларға тап болып, баладан бас тартуға мәжбүр болған 30 жасқа дейінгі аналарға көмек көрсетеді. Біз әйелдерді жүктіліктің үшінші триместрінен бастап немесе 1,5 жасқа дейінгі 1 баламен қабылдаймыз. Бүгінгі таңда орталыққа келуші аналар жоба қамқорлығымен 6 ай көлемінде 5 ана мен бала бірге өмір сүреді. Олар азық-түлік, керекті гигиеналық дүниелермен толықтай қамтамасыз етіледі. Әйелдерге психологиялық қолдау көрсетіліп, ана мен бала денсаулығына қажетті барлық іс-шара жүзеге асырылады”,- деді Ақтау қаласындағы Ана үйінің координаторы Индира Әлімжанова.
Десе де, 6 ай мерзім өтіп, Ана үйінен кеткен әйелдер бұл орталықтың көмегінсіз қалмайды. Олар үнемі байланыста болып, бір-бірімен тығыз араласады. Орталық координаторының айтуынша, өмірлік қиын жағдайдан өткен әйелдер бір–бірін сөзсіз ұғынып, қысқа уақыт ішінде орнатқан байланыстары адал достыққа айналады.
Орталықта әйелдерге психологиялық және материалдық қолдаудан бөлек кәсіби бағдар да беріледі. Орталықтағы аналар тігін ісі, аспаз ісі, бухгалтерия, сұлулық салонындағы қызметтерге қатысты мамандықтарға көп қызығады. Сондықтан дәл осы бағыттарда арнайы шеберлік сағаттары да ұйымдастырылып тұрады. Осы орталықта қанаты қатайып, өмірінің қиын кезеңін артта қалдырған аналардың бірі – Жадыра Беитова.
Ол 2015 жылы 1 жасар ұлы мен 1 айлық қызын жетектеп, Ақтаудағы ана үйіне алғаш қоныстанғандардың бірі. Бүгінде Жадыра тұрмыс құрып, 6 баланың анасы атанды. Орталықта үйренген бухгалтерия және құжаттармен жұмыс істеу дағдыларының арқасында нанын тауып, ұл-қыздарын асырап келеді.
“Мен Ана үйіне 2015 жылы келдім. Өзім - балалар үйіненмін. Осы орталыққа келгеннен кейін өмірім түбегейлі өзгерді. Мен еңбек етуді, ана болуды осында үйрендім десем артық айтқаным емес. Осы орталыққа алғаш келгендегі ұл-қызым бүгінде мектептің үздік оқушылары. Екеуі де спорт пен өнерге жақын. Балаларым өзіме ақыл айтып, жол сілтейтін тамаша тұлға болып өсіп келеді. Орталықтан көшкеніме көп жыл өтсе де байланысым үзілген емес. Осы жерде меңгеріп, нан табуды үйреткен кәсібімді бүгінде мен үйретіп жүрмін. Әйелге ең бастысы – қолдау қажет”,- деп бөлісті Жадыра Беитова.
Расында, дәл осындай орталықтарсыз Қазақстандағы “жетім” сәбилер саны бірнеше балаға артар еді. Ана мен бала арасындағы байланыстың үзілмеуін қағида етер жан көбейсе болашақта жетімі жоқ ел атанарымыз әбден мүмкін.