Ақтаулық сарбаз әскерден мүгедек болып оралды
Ақтаулық сарбаз әскерге сау кетіп, мүгедек болып оралды. Жауынгердің анасы әскерилерді жауапқа тартуды талап етеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
21 жастағы Әли Нұрғалиевке өмір бойына ауыр аутоиммунды ауру диагнозы қойылды. Одан бөлек, басқа да диагноздар анықталған. Ол әскерге 2024 жылдың қараша айында аттанып, өткен жылдың қарашасында елге оралған. Содан бері Әлидің отбасы аурухананың табалдырығын тоздырған.
Сарбаз әскерден өз аяғымен оралмаған. Анасының айтуынша, достары оны төртінші қабатқа арқалап кіргізген.
«Үйге келгеннен кейін бір сағат өтпей жатып, баламның тынысы тарылып, жедел-жәрдем шақырдық. Бірнеше күннен соң ғана ұлым қызмет еткен әскери бөлімнің басшылығымен байланыстық. Ол жақтан бас дәрігерді жіберді. Ұлымды қарап, облыстық ауруханаға алып кетті. Онда 20 күн жатты. Кейін Астанадағы әскери госпитальде емделді», – дейді Айнұр Нұрғалиева.
Әли мерзімді әскери қызметін Ақтөбе облысындағы Жем әскери қалашығы, әуе қорғанысы күштерінде өтеген.
«Алғашында әскери бөлімнен хабарласып, бұл олардың кінәсі емес екенін айтты. Кейін кінәсін мойындап, мәселені тыныш жолмен шешуді сұрады. Олар бізге бір ғана дәрі алып берді. Бұдан бөлек, бөлім командирі есепшот ашып, шамамен 120 мың теңге жиналды. Баламның емі ұзақ уақытты талап етеді», – дейді анасы.
Қазіргі таңда Әлиге иммуноглобулин жүйесі қажет. Ол айтарлықтай қымбат.
«Бізге тегін дәрі-дәрмек берілмейді. Тек “Метипред” бар. Бірақ ол да әлі күнге дейін емханада жоқ. Сондықтан өзіміз сатып алып жүрміз. Мен e-otinish арқылы әскери прокуратураға жүгіндім. Әскерилер жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені наурыз айында оның бүйрегі ауыра бастады, жүгіре де алмады. Кейін аяқтары қатты сырқырады. Бірақ командирлері сенбей, дәрігерге жібермеген. Қызметінің аяқталуына шамамен екі апта қалғанда жағдайы мүлде нашарлап кетті. Сол кезде ғана фельдшерге көрсетіп, дәрі берген. Үйге де ешкімнің көмегінсіз жалғыз оралған. Облыстық аурухана ұзақ уақыт нақты диагноз қоя алмады. Кейін сырқатының негізгі себебі – суық тию (тоңып қалу) болуы мүмкін екенін айтты», – дейді анасы.
Қазіргі таңда жігітке бірнеше диагноз қойылған: идиопатиялық қабынбалы миопатия, біріншілік идиопатиялық полимиозит, айқын бұлшықет әлсіздігі, бауыр мен бүйрек зақымдануы, гипотиреоз. Әли мүгедектік алу үшін медициналық комиссиядан өтуді бастаған.