Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ақтаулық бала үздік үлгерімімен Грецияға грант жеңіп алды

|
27.11.2025 14:10
Ақтаулық бала үздік үлгерімімен Грецияға грант жеңіп алды

Бұл туралы бүгін Ақтауда өткен Польшаның жоғары және орта оқу орындарының ректорларымен кездесуде айтылды. 9 сыныптан кейін Польшаға оқуға түсіп, үздік үлгерімімен Грецияға грант жеңіп алған Ақниет Керей – Ақтаудың тумасы, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Бүгінгі жиында Польша оқу орындарының ректорлары мен Ақтаудың жоғары сынып оқушылары кездесті. Бұл кездесуге 40-қа жуық мектептен 700-ден астам оқушы қатысты. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, Польшада оқығаннан кейін түлектен ешнәрсе талап етілмейді. Яғни, оқу біткеннен кейін сол елде қалу-қалмау – бітірушінің өз еркі. 


“Кездесудің мақсаты – Қазақстан оқушыларына Польшада тегін және қолжетімді білім алуға болатынын түсіндіру. Өйткені бұл – үлкен мүмкіндік. Біздің мамандар 8-сыныптан бастап оқушыларды қабылдайды. Мектепті Польшада аяқтау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ 9-10-сыныптардан кейін құжат тапсырып, колледже тегін оқуға болады. Ал 11-сыныптан кейін оқуға түсетін балалар қолжетімді бағада оқи алады”,- деді “Kettik Study” компаниясының Қазақстан-Қырғызстан-Моңғолия-Өзбекстан-Қытай аралығындағы өңірлік директоры Амангүл Соңғыбайқызы. 


Мамандардың айтуынша, 18-ге толмаған әр балаға қамқоршы ретінде 1 мұғалім тағайындалып, психолог маман бірлесе жұмыс істейді. Олар бала ортаға әбден сіңіп, тіл үйренгенше қолдау көрсетеді. Польшаға оқуға түскен оқушы Еуропа ішінде саяхаттап, оқу біткеннен кейін әлемдік деңгейде мойындалған еуропалық диплом алады. 


“Kettik Study”-мен жұмыс істеп келе жатқанымызға биыл – 8 жыл. Өткен жылы Қазақстаннан Польшаға 150-ден астам бала оқуға түсті. Оқудың 2 түрлі бағдарламасы бар. Алғашқысы – 3 жылдық бағдарлама: аспаз ісі, автомеханика, жинақтау және әрлеу жұмыстарының слесары, шаштараз, ағаш шебері сияқты мамандықтарды алып шығуға болады. Ал 5 жылдық оқу бағдарламасында логистика, ветеринария, экономика, сән әлемі, қонақ үй шаруашылығы, архитектура, IT секілді түрлі мамандықтар бар. Студенттер 3 күн сабақ оқыса –2 күн тәжірибеден өтеді. Нәтижесінде оқу аяқталып, дипломы қолына тигенде – білікті, тәжірибелі маман болады”,- деді Польша колледждерінің өкілі Словомир Левондовский. 


Ұйымдастырушы Амангүл Соңғыбайқызының айтуынша, Еуропада демографиялық мәселе бары жасырын емес. Тегін және қолжетімді білім алуға берілген бұл мүмкіндік – Польшаға жастарды тартуға жасалған қадам деуге болады.

61
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!