Ақтауда жасөспірімдер арасында дзюдодан ел біріншілігі басталды
Ақтауда 27-30 қараша күндері жасөспірімдер арасында өтетін дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатына арналған баспасөз конференциясы және жеребе тарту рәсімі өтті. Жиынға Қазақстан дзюдо федерациясының өкілдері мен командалардың бапкерлері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облыстық олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Манарбек Бисекеновтің айтуынша, ел біріншілігіне 2009-2010 жылы туған 850-ге жуық жасөспірім қатысады.
«Маңғыстау Арена» спорт кешенінде төрт күн бойы еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан келген жас татами шеберлері үздік атану үшін белдеседі. Жарыс күн сайын сағат 9:00-де басталады. Ашылу салтанаты 28 қараша күні сағат 15:00-де өтеді. Чемпионат Қазақстан дзюдо федерациясының YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Біріншілік қорытындысы бойынша 2026 жылы әлемдік аренада ел намысын қорғайтын жасөспірімдер құрама командасы жасақталады. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр, - деді Манарбек Бисекенов.
Сонымен қатар баспасөз конференциясында Қазақстан дзюдо федерациясының рефери директоры Мұхсин Нұртазин сөз сөйлеп, ұйымдастырушылардың еңбегін атап өтті.
«Маңызды жарысты Маңғыстау облысы қабылдап отыр. Мұндай ауқымды чемпионатты өткізу үлкен дайындықты қажет етеді. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, жеңісті күндеріңіз көп болсын», - деді ол.
Төрт күнге созылатын дүбірлі додада жас дзюдошылар ел құрамасына ену мүмкіндігі үшін татами үстінде күш сынасады.
60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев