Ақтауда Пір Бекеттің 275 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасы өтті
Бүгін Ақтауда Пір Бекет Мырзағұлұлының 275 жылдығына арналған “Рухтың шамы Пір Бекет” атты ақындар мүшәйрасы өтті. Жарысқа 15 ақын қатысып, үздіктер марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақындар мүшәйрасының шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
“Ардақты ағайын, қадірлі қонақтар,
құрметті зиялы қауым!
Өнер мен мәдениеттің, руханият пен тағылымның мерекесіне айналған бүгінгі «Рухтың шамы – Пір Бекет» атты ақындар мүшәйрасына қош келдіңіздер! Ақын үшін ең ұлы міндет — сөз арқылы елдің рухын көтеру. Сол жолда бүгінгі жас буынға сенім мол, үміт зор. Бекет ата рухы баршамызға жар болсын!
Ұлтымыздың рухани шамы ешқашан сөнбесін! Өнердің өрісі кеңейіп, сөздің құдіреті биіктей берсін!”- деді облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев.
Мүшәйраның басты қонағы – айтыскер ақын Айшолпан Тлеутай. Ол жас ақындарға сәттілік тілеп, жиналған көрерменнің көңілін көтерді. Өлеңімен көрерменге рух сыйлап, өнеріне көпшілікті тәнті етті.
“Бүгінгі іс-шараға 30 үміткер арасынан іріктелген 15 ақын қатысты. Ақындар іріктеу кезеңінде 2 тақырыпта өлең жазды. Бірінші – Пір Бекеттің 275 жылдығына арнау, екіншісі – еркін тақырып. Бүгінгі байқауға өңірден 14 және атыраулық 1 ақын қатысты”,- деді “Шырақ” отбасын қолдау ортылығының басшысы Назым Қарасаева.
Мүшәйрада ақындар Бекет Мырзағұлұлына арнап шығарған өлеңдерің оқып, көрермен назарына ұсынды. Іс-шара соңында әділ-қазылар жеңімпаздарды марапаттап, қатысушыларға алғыс хат табыстады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Бейнеудің тумасы, жас ақын Бекзат Хожамедов жеңіп, 700 мың теңгеге ие болды. Ал жүлделі 2-орын Жаңаөзеннен келген ақын Ләззат Ерубаеваға бұйырып, 500 мың теңге иегері атанды. 3-орын мен 300 мың теңге ақын Тілеген Әлидің қанжығасына байланды.