Otpan News Logo

Ақтаудағы Аяз атаның хикаясы

|
31.12.2025 18:00
Ақтаудағы Аяз атаның хикаясы

Талғат Әділ – «Хабар» телеарнасының тілшісі. Ол 20 жылға жуық уақыт бойы желтоқсан айында еңбек демалысын алып, «Аяз ата» рөліне енеді. Otpannews.kz тілшісі осы бір «ертегідегі атамен» сұхбаттасқан еді.

Талғат Ақтөбе облысында дүниеге келген. Оның айтуынша, ауылда тұрған кезде жаңажылдық костюмдерге таңдау болмаған: қыздар — міндетті түрде «ақшақар», ұлдар — «қоян» болатын. Бірақ бірде Талғат қораптан өзіне робот костюмін жасап алады. Дегенмен, ертеңгіліктің ең сәнді, әрі ең әдемі киімі – Аяз атаның шапаны еді.


«Мен Аяз атаның костюмін киіп, балалардың тілегін орындасам, оларды қуантып, сыйлық үлестірсем деп армандайтынмын. Жоғары сыныпта оқып жүргенде мені ертеңгіліктерге Аяз ата рөліне шақыра бастады. Ақтауға келіп, институтқа түскенімде, досым мені Абай атындағы мәдениет үйіндегі кастингке шақырды. Онда студенттік әуесқой театр құрылып жатқан екен. Мені таңдап алды»,- деді ол. 

Әртістер үшін ең табысты уақыт — Наурыз бен Жаңа жыл. 2003 жылы Талғатқа қалалық шыршаны жүргізу туралы ұсыныс түседі. Кеш өте жоғары деңгейде өткендіктен, келесі кезекте облыстық шыршаны, кейін Президенттік шыршаны тізгіндейді.


Талғат Әділдің айтуынша, қалалық ертеңгілікте 20-25 көмекші (ертегі кейіпкерлері) болса, облыстықта олардың саны екі есе азайып, ал Президенттік шыршада тек үш негізгі тұлға қалатын: Аяз ата, Ақшақар және Жаңа жыл символы. Ал қатысушы балалардың саны кейде 150-ге дейін жетеді. 


«Сценарий өте ұзақ, әрі мұқият келісіліп, тек таңға жуық қолға тиетін. Ал таңғы сағат 11:00-де Президенттік шырша басталуы керек. Барлығын жаттап үлгеру қажет болды. Алғашқы рет толқығанымнан өз сөзімді ғана емес, бүкіл сценарийді жаттап алдым. Осылайша 5 жыл бойы театр жанында жүріп, барлық шыршаларды жүргіздім. Кейін корпоративтерге шақыртулар түсті. Елестетіп көріңізші: кешкісін Мәдениет үйінен Аяз ата, артынан Ақшақар, одан кейін ертегі кейіпкерлері мен сайқымазақтар шеруі келе жатады. Біз мейрамханаға солай жаяу баратынбыз, себебі киім ауыстыруға уақыт болмайтын. Қасымда Марина Федоренко, Оксана Черкашина, Жаннета Виговская сияқты мықты мамандар болды, мен олардан көп нәрсе үйрендім»,- деп бөлісті Аяз ата. 


Бір кеште Талғат 2-3 мерекелік кешке, кейде тіпті 5 мейрамханаға баратын. Осындай қарқынды жұмыстан соң бәрі сілесі қатып шаршайтын. Кейін облыстық телеарнаға жұмысқа тұрғанда, балалар психологы Елена Игинамен бірге жеке жұмыс істеуге бел буады. Алдымен костюмдерді жалға алып, кейін өздері тіктіре бастайды.


«Басында мейрамханаларда жұмыс істедік, кейін күндізгі уақытымыз бос болған соң, үйлерге баруды ұйғардық. Мен алғашқы көлігімді сатып алғанда, ол мереке күндері «дөңгелекті киім ілгішке» айналатын: көліктің ішінде киініп, боянатынбыз, ал мен Аяз ата болып көлік айдайтынмын. Күніне орта есеппен 20-30 үйге баратынбыз. Осы күнге дейін балалардың есімін, олардың берген уәделерін ұмытқан емеспін»,- деді ол. 


Кейде Жаңа жылды мейрамхана алдында, көліктің қасында қарсы алуға тура келген. Қолда — мандарин мен балалар шампаны.


«Кейбір кештерде түн ортасында тамаданың конкурсы болып жатады, Аяз ата тек 20-30 минуттан кейін кіруі керек. Сол уақытта біз далада күтіп тұратынбыз. Кейде мен де адам сияқты жақындарыммен бірге дастарқан басында отырғым келетін. Бірақ кейін өзімді: «Сабыр сақта, Талғат, сен Аяз атасың ғой!» деп басатынмын»,- деді Талғат Әділ. 


Өткен жылдан бастап Талғат «аяз ата» болуды тоқтатты — бірінші орынға отбасылық қажеттіліктер мен бала-шағасы шықты. Биыл ол Жаңа жылды Ақтөбеде барлық туыстарымен бірге қарсы алады.

«Жұбайыма: «Кел, балаларға тосынсый жасайық, Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, бәрін құттықтайық» деп ұсындым. Ол да кезінде Қарағанды мен Астанада оқып жүргенде Ақшақар болып жұмыс істеген, сондықтан тәжірибеміз мол», — дейді Талғат Әділ.


172
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!