Otpan News Logo

Ақтауда үкіметтік емес ұйымдар жаңа Конституция жобасын талқылады

Ақтауда үкіметтік емес ұйымдар жаңа Конституция жобасын талқылады

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау облысының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды otpannews.kz


Кездесу барысында коалиция мүшелері Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың маңыздылығын түсіндірді.


Коалиция мүшесі Амангүл Жайылханованың айтуынша, екі апта бойы кәсіпкерлік, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да сала өкілдерімен кездесулер өткізіліп келеді.


«Бүгін біз облыстың ҮЕҰ өкілдерімен кездестік. Кездесу өте қызықты өтті. Барлық кездесулерде халық өте белсенді. Бұл референдумды 1993 жылғы Конституцияның қабылдануымен салыстыратындар бар. Ол кезде мұндай белсенді талқылау болған жоқ. Қазір біз барлық жерде ашық сөйлесіп, талқылап жатырмыз. Меніңше, бұл Конституция нағыз халықтық құжат болады. Себебі, мазмұнына үңілсек "халық" деген сөз көп қолданылған. Сондықтан барлығын 15 наурызға белгіленген референдумға белсенді қатысуға шақырамын», - деді Амангүл Жайылханова.

Коалиция мүшелері жиында әртүрлі сұрақтар қойылатынын атап өтті. Мысалы, этносаралық қатынастар және жаңа Конституция жобасындағы 70-71 баптарда қарастырылған Халық Кеңесі туралы сұрақтар жиі қойылады.


«Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ жетекшісі Жібек Ахметова ҮЕҰ өкілдері Конституция жобасына өз ұсыныстарын белсенді түрде енгізгенін айтты.


«ҮЕҰ-ның рөлі мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты баптағы өзгерістерде өте жоғары болды. Сонымен қатар, "Неке және отбасы" бөлімі бойынша көптеген талқылаулар өтті. Жаңа Конституция жобасында отбасындағы ер мен әйелдің құқығы көрсетілгені мені қуантады. Бұл халқымыздың менталитетіне, мәдениеті мен дәстүріне сай келеді», - деді Жібек Ахметова.

Кездесу соңында ҮЕҰ өкілдері алдағы референдумға қатысуға дайын екендіктерін білдірді.

235
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!