Otpan News Logo

Ақтауда «Сиқырлы таң» мүшелері салқынға қарамай күн сайын теңізге шомылып жүр

Ақтауда «Сиқырлы таң» мүшелері салқынға қарамай күн сайын теңізге шомылып жүр


Қыстың қытымыр аязы мен Ақтаудың салқын желіне қарамастан Каспий жағалауында күн сайын таңғы сағат 7:00-де «Сиқырлы таң» жобасының мүшелері жиналады. Олар таңғы салқынмен жаттығу жасап, 10 мың қадам жүреді. Дене қызған соң теңіздің салқын суына түседі. Мұнда келетіндер тек шынықпайды, бір-біріне қолдау көрсетіп, өмірге деген құштарлығын оятады. Олар үшін Каспий - жай ғана теңіз емес, денсаулық пен ұзақ өмірдің қайнар көзі. Ақтау тұрғыны Дина Оразбаева күрделі отадан кейін көптеген дәрі ішуге мәжбүр болған. Динаны ауруынан құлан таза айықтырып, дертінен құтылуға көмектескен бұл ортамен otpannews.kz тілшісі танысып келді.


«Күнде таңғы сағат алтыдан өте шығып, 10 мың қадам жасаймын. Сағат 8 болғанда теңізге түсемін. Суға түсіп жүргеніме 3 жыл болды. Маған 5 рет ота жасалған. Ковидпен де ауырдым. Жүрегіме ота жасалғалы уыс-уыс дәрі ішемін. 3 жылдан бері дәріні мүлдем ұмыттым. Суға бойыңызды бір үйретіп алсаңыз, ары қарай керемет сезім болады. Арасында шаруаларым болып өткізіп алсам, организм суды іздеп отырады. Барлық тұрғынды суға түсуге шақырамын. Келіңіздер, бізге қосылыңыздар», - дейді Дина Оразбаева.


«Сиқырлы таң» жобасының мүшелері суық суға шомылу иммунитетті нығайтудың ең тиімді жолы екенін де атап өтті. Айтуларынша, мұздай су қан айналымын жақсартып, стрессті азайтады және зат алмасу процесін жеделдетеді.


Сынап бағанасы минус градусты көрсетіп тұрса да, жағалауға жиналатындардың қатарында 60 жастағы Мейрамгүл Өмірзақова да бар. Ол теңіздің салқын суынан қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.


«Теңізге түсіп жүргеніме 2 жылға таяды. Суға түскеннен кейін өзімді өте жақсы сезінемін. Сырттағы жаман энергия мен негативтерді қабылдамаймын. Менің қан қысымым болды. Қазір ауру мүлдем мазаламайды. Басқа да аурулар суға түскелі сап тиылды. Өзімнің замандастарымды, Ақтау тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Денсаулығымызды сақтау өзіміздің қолымызда»,- деді Мейрамгүл Өмірзақова.


Қалада салауатты өмір салтын сақтауға, осы рухани ортаны қалыптастыруға үлес қосқан «Сиқырлы таң» жобасының жетекшісі - Гүлден Қуанышқызы. Ол 3 жылдан бері салқын суға түседі.


«Сиқырлы таң» жобасы Қазақстан бойынша бар. Ақтаудағы филиалымыз қазіргі таңда өте белсенді. Қатарымыз күннен-күнге артып келеді. Біз тек жаттығу жасап, суға түсумен шектелмейміз. Маңғыстаудың киелі жерлеріне зиярат жасап, экскурсияға шығамыз. Қазір жобада 60-тан астам адам бар. Олардың жас шамасы 35-70 аралығында. Барлығымыз салқын суды жақсы көреміз. Жағалауға асығып келеміз. Күнделікті жаттығу, 10 мың қадам, суға түсу барлығын фото-видеоға түсіріп, контент жасаймыз. Әлеуметтік желіде көптеген оқырмандар қызығушылық танытады»,- дейді жоба жетекшісі.


Теңізге түсу үшін бұл топқа жел де, дауыл мен боран да кедергі емес. Теңіз жағасындағы осы бір көрініс Ақтаудың әдемі символына айналып келе жатқандай.


179
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!