Otpan News Logo

Ақтауда құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылармен сталкинг мәселесін талқылады

|
18.02.2026 19:03
Ақтауда құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылармен сталкинг мәселесін талқылады

Ақтауда мектеп оқушылары арасында «Сталкингті тоқтат: Қауіпсіздік – әр адамның құқығы» форумы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге жеке қауіпсіздіктің маңызын ұғындыру, сталкингтің алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шараға Ақтау қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Жанұзақ Мағауия, сондай-ақ Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гульзира Абилова және Ақтау қаласы полиция басқармасының отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Гүлназ Абдрахманова қатысты. Мамандар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда және олардың жеке қауәпсіздігіне назар аударуы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор екенін атап өтті.


- Қоғамда ақпараттық технологияның дамуына байланысты адамның жеке өміріне заңсыз араласу фактілері көбейді. Бұл – сталкинг, алғашында елеусіз көрінгенімен, уақыт өте келе жәбірленушінің психологиялық жағдайына ауыр әсер етіп, қоғам үшін қауіпті құқық бұзушылыққа айналады. Егер жеке басыңызға қандай да бір қудалау, аңду немесе қауіп төндіретін жағдайды байқасаңыз, оны елеусіз қалдырмау қажет, 102 нөміріне хабарласуға болады, - деді полиция бөлімінің өкілі Гүлназ Абдрахманова.  


Форумда құзырлы орган өкілдері жасалған құқық бұзушылық әрекеттердің жазасы бар екеніне тоқталды. 


- Мұндай жиындардың өткізілуі аса маңызды. Азаматтар заң алдындағы жауапкершілікті түсінуі тиіс. Адамға әлеуметтік желілер арқылы үнемі жазу, рұқсатсыз бақылау, аңду сияқты әрекеттер сталкинг болып саналады және заң бойынша құқық бұзушылыққа жатады, - деді Жанұзақ Мағауия.


Форумда оқушылар сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдары өкілдерінен нақты жауап алды. Ұйымдастырушылар мұндай түсіндіру іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

331
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!