Ақтауда 10 мың орындық заманауи стадион салынуы мүмкін
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға Ақтау қаласында салынуы жоспарланып отырған 10 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты қолдауға бағытталған. Тұжырымдама халықаралық стандарттарға сәйкес көпфункционалды спорт нысанын салуды көздейді.
Таныстырылымда стадионның UEFA талаптарына сәйкестігі мен цифрлық технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ нысан балалар мен жастарды даярлау бағдарламаларын іске асыруға, қалалық және бұқаралық іс-шаралар өткізетін алаңға айналуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Жоба бойынша көрерменге арналған жайлы инфрақұрылым, негізгі футбол алаңы, спорттық-сауықтыру кешені, жаттығу және қалпына келтіру аймақтары, сондай-ақ қосалқы және техникалық бөлмелер қарастырылған. Барлық сәулеттік және инженерлік шешімдер спортшылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Кездесу барысында өңір басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту Маңғыстау облысы үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, қолданыстағы заңнама аясында жобаға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны одан әрі нақтылап, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы келісімге келді.
Айта кету керек, өңірде футбол инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызды. 2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Каспий» футбол клубы мерзімінен бұрын Қазақстанның Бірінші лигасының жеңімпазы атанды. 25-турдың шешуші матчында команда Шахтёр клубын 3:2 есебімен жеңіп, 65 ұпай жинады. Осы нәтиженің арқасында «Каспий» ресми түрде Қазақстан Премьер-Лигасына жолдама алып, елдің ең мықты командалары қатарына қайта қосылды.