Otpan News Logo

Ақтау жағалауындағы пальмалар алынып тастала ма?

|
06.01.2026 14:52
Ақтау жағалауындағы пальмалар алынып тастала ма?

Осыдан жеті жыл бұрын Ақтау жағалауына жасанды пальмалар орнатылған еді. Сол уақыттан бері пальмалардың «тропикалық» сәні жоғалды. Енді пальмалардың жағалауда қалу-қалмауына қатысты шешімді қала және облыс әкімдіктері шешеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


2019 жылы жағалауға биіктігі 11 метрлік 100 жасанды пальма «отырғызылды». Қаланың басты көрікті жерін безендіруге жұмсалған сома ол кезде жарияланбады – пальмаларды қалаға мұнай компаниясы сыйға тартқан еді. Қала тұрғындары бұл жасанды пластик ағаштардан пайда жоқ екенін айтып, үнемі шағымданатын: олар аптап ыстықта көлеңке бермейді, ал пластик жапырақтарын жел теңізге ұшырып әкетеді.


«Олар жаңадан орнатылған кездері алыстан тірі ағаш сияқты көрінетін. Басқа қалалардан келген қонақтарым: "Сіздерде пальма өсе ме?" деп таңғалатын. Бірақ жақын келгенде мұның бәрі жасанды сұлулық екеніне көз жеткізетін. Менің ойымша, олардан ешқандай пайда жоқ. Ыстықта көлеңке түсірмейді, оның үстіне вандалдардың назарын аудартады»,- дейді қала тұрғындарының бірі.


Пальмалар вандалдардвң нысанына талай рет айналғаны рас. Адамдар олардың басына өрмелеп, «қабықтарын» сыпырып тастады, тіпті отшашу салдарынан пальма жапырақтары өртенген кездер де болған. 


2024 жылы әкімдік жағалаудағы пальмалар алынып тасталатынын мәлімдеген еді. Себебі — бұл жасанды ағаштар үшін қосалқы бөлшектер жоқ. Яғни жөндеу жұмыстарын жүргізіп, пальма кескінін қалыпқа келтіру мүмкін емес. 


Алайда қазіргі уақытта қалалық ТҮКШ бөлімі ескі пальма жапырақтарын ауыстыру үшін 2026 жылға арналған сметалық құжаттама дайындап жатқаны белгілі болды. Әкімдік мамандары қаражат бөлінген жағдайда жағалаудағы барлық пальма жапырақтары ауыстырылады деп уәде берді.


Облыстық құрылыс басқармасы жақын арада жағалауды ауқымды реконструкциялау күтіп тұрғанын хабарлады. Ал пальмаларды қалдыру-қалдырмау мәселесі жобаны нақтылау кезінде қосымша шешілмек. Реконструкцияға ақшаны ірі мұнай компаниясы бөледі.


«Тапсырыс беруші — қалалық әкімдік. Жағалау толықтай жаңартылады және реконструкция аясында барлығы қайта қаралады. Бүгінгі таңда жобалаушы әлі анықталған жоқ», – деді Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдос Хамиев.
84
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!