«Ақтау теңіз порты» АЭА: Жергілікті кадрлардың әлеуетін арттырудағы халықаралық бастамалар
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында қарқынды жұмыс істеп тұрған «Kazakhstan Pipe Threaders» зауыты бүгінде Маңғыстау өңірінің экономикалық драйверіне ғана емес, білікті кадрлар даярлайтын ірі орталыққа айналды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Әлемдік деңгейдегі Tenaris компаниялар тобының құрамына кіретін бұл кәсіпорын халықаралық инвесторлардың жергілікті адам капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық мақсатын айқын көрсетіп отыр.
Зауыт қызметкерлері шетелдік өндіріс алаңдарында арнайы оқудан өтіп, бұрандалы қосылыстарды кесу және инновациялық Dopeless «майсыз» жабынды жағу секілді күрделі жоғары технологиялық операцияларды толық меңгерді. Нәтижесінде, бұған дейін шетелдік сарапшылардың көмегін қажет еткен маңызды өндірістік және басқарушылық процестерді қазіргі таңда негізінен Маңғыстау өңірінің тұрғындары сапалы жүзеге асыруда.
Мұнай-газ саласына арналған премиум санаттағы құбыр өнімдерін өңдейтін кәсіпорын диаметрі 114-тен 350 мм-ге дейінгі өнімдерді шығара отырып, жылына 40 мың тонна өндірістік қуаттылыққа ие болып отыр. Әсіресе, күкіртсутегіне төзімді жоғары технологиялық болаттан жасалған құбырларды өңдеу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи технологияларды қолдану зауыттың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Осылайша, аталған жоба өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, Қазақстанның өндірістік саласында әлемдік деңгейдегі кәсіби мәдениеттің қалыптасуына қомақты үлес қосып келеді.