Otpan News Logo

Батпағы сағызданған Басқұдық

Батпағы сағызданған Басқұдық

Бұрынғылар «Қар жауды деп қуанба, аязы бар соңында» деуші еді. Ал Басқұдық тұрғындары бұл сөзді «Қар жауды деп қуанба, батпағы бар соңында» - деп қолдануға мәжбүр.


Мұнайлы ауданы Басқұдық селосының тұрғындары қыс айы келсе қатты қиналады. Себебі жауған қар ерісе тұрғындар балшық пен шалшықтан көз ашпайды. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларына қиын. Таңда кітап толы сөмкесін арқалап, балағына балшық жұқтырған күйі сүрініп-қабынып бара жатады, - деп хабарлайды otpannews.kz.



Мердігер компания Басқұдық ауылдық округіне қараша айында құмды-қиыршық тас төсеп бастаған. Тұрғындар мердігер компания үш күнде 20 көшеге құмды-қиыршық тасты тез төгіп, тегістеп шыққанына таң қалғанын жасырмайды. Алайда компанияның олқылығы аяз басылып, қар еріген бойда байқала бастаған. Енді ауыл халқы балшыққа батып отыр. 


«Балаларымыз мектепке осы көшемен қатынайды. Таңертең дала қараңғы болады. Бала түгілі өзіміз жүре алмаймыз», - дейді ауыл тұрғындары.  


Тұрғындар жөндеу жұмыстарына көңілі толмай отыр. Олардың сөзінше, бұл мәселе жыл сайын қайталанады. «Ал әкімдік жазда бұл мәселенің алдын алмай, қыста ғана қимылдайды» дейді олар.


«Алдында осы гранит жақтың белсенділері, Гуля деген қыз бар, комиссия құрып, көшелерді аралап шықты. Содан кейін мердігер құжатын көрсек сақа тастай. Төккен құмы — саз топырақ. Ішінде мынадай кесектері бар», - дейді ауыл тұрғыны Қомыт Жұбатыр.



Ауыл әкімінің орынбасары дәл қазір 15 көше дәл осындай күйде екенін жеткізді. Осының алдында әкімдіктегілер мердігер мекемеге көшелерді қалпына келтіру бойынша хат жолдаған екен. Шенділер алдағы уақытта көше жолдары қалпына келтіріледі деп уәде етті.


«Біз мердігер мекемеге ауызша да айттық. Ресми хат жүзінде де жолдадық. Мердігер мекеме шамамен 2 аптаның ішінде қайтадан істеп беремін деп уәде беріп отыр», - дейді Басқұдық ауылы әкімінің орынбасары Мақсат Бүркітбайұлы.



Мақсат Бүркітбайұлы сондай-ақ алдағы жылы ауыл ішіндегі 19 шақырымға асфальт төсеу жобасы дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Тек бюджеттен ақша бөлінгенін күтіп отырмыз дейді әкімдіктегілер.

99
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!