Otpan News Logo

28 ақпан – жеке кәсіпкерлер үшін салық режимін таңдаудың соңғы күні

28 ақпан – жеке кәсіпкерлер үшін салық режимін таңдаудың соңғы күні

2026 жылдың 28 ақпанына дейін Қазақстандағы жеке кәсіпкерлер салық режимін таңдау туралы хабарлама тапсыруы тиіс. Бұл талапты орындамағандар автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге көшіріледі, деп хабарлайды otpannews.kz.


Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер әрі салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, хабарламаны e-Salyq Business қосымшасы немесе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы жолдауға болады. Егер белгіленген мерзімге дейін өтініш берілмесе, көшіру автоматты түрде жүзеге асады.


2026 жылдан бастап оңайлатылған декларацияға қайта оралу тәртібі де қатаңдатылған. Егер кәсіпкер жалпы режимге ауыстырылса, оңайлатылған режимге тек екі шарт сақталған жағдайда ғана қайта өте алады:

- кемінде бір күнтізбелік жыл жалпы режимде жұмыс істеу;

- осы кезеңдегі табыс көлемі 600 000 АЕК-тен аспау.


Сонымен қатар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінде «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі» қолданысқа енгізілді. Бұл режимді пайдалану үшін алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді тоқтату қажет.


Жаңа тәртіп ҚР азаматтары мен қандастарға арналған. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуі, жалдамалы қызметкерлері болмауы және өз бетінше жұмыс істеуі тиіс. Ай сайынғы табыс 300 АЕК-тен аспауы керек (1 АЕК – 4 325 теңге). 2026 жылы бұл – 1 297 500 теңге. Бұл режим бойынша жеке табыс салығы 0% болса, жиынтық әлеуметтік төлемдер 4% мөлшерінде төленеді. Режим тек Үкімет бекіткен рұқсат етілген қызмет түрлері бойынша қолданылады. Дегенмен бір мезгілде бірнеше бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Заңды тұлғалармен әріптестік жасауға шектеу қойылмаған. Мемлекеттік кірістер органдары мұндай шығындарды контрагенттер шегерімге жатқыза алатынын түсіндірген, - дейді салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова.


Рұқсат етілген қызмет түрлерінің толық тізбесі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіліп, «Әділет» порталында және Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында жарияланған.

26
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!