Otpan News Logo

2026 жылы сізді не күтеді?

|
31.12.2025 15:00
2026 жылы сізді не күтеді?

Otpannews.kz сайтының тілшісі астролог-чакролог Айсара Нұржанның келесі жылға арналған болжамын тыңдады. Оның айтуынша, 2025 жыл – бүкіл адамзат үшін шаршаңқы кезең болды. 


«Шынында да, қай адамнан сұрасаңыз да, 2025 жылдан біраз зорығып шыққанын байқауға болады. Енді заңды сұрақ туындайды: 2026 жылы шаршағанымыз басыла ма? Шынын айту керек, 2026 жыл 2025 жылға ұқсас болады. Алайда өткен жылмен салыстырғанда, биыл жаңару мен қозғалыс сәл де болса сезіле бастайды. Әрине, бәрі бірден өзгеріп кетпейді — белгілі бір нәтижеге жету үшін еңбек ету қажет», - дейді астролог. 


Тоқты


Биыл сіз жауапкершілікті үйренесіз. Кей сәттерде ауырлық, түңілу, жалғыздық сезімдері мазалауы мүмкін. Дегенмен алдағы 2,5 жыл сізді есеюге, өмірлік сабақ алуға жетелейді. Танымал болуды көздеген тоқтылар үшін басты шарт – тәртіп пен жүйелілік. Осы талаптарды сақтасаңыз, мақсатыңыз алыс емес.


Торпақ


Торпақтар үшін биыл өткен жылға қарағанда жеңілірек болады. Өміріңіздегі тұрақсыздықтар біртіндеп тоқтайды. 2025 жылдың желтоқсанында өзіңізді барынша жақсы қырынан көрсету маңызды. Егер заң бұзушылыққа немесе өзгеге қиянат жасауға жол берсеңіз, оның салдарын шілде айында сезінуіңіз мүмкін. Алдағы 1,5 жылда жағдайыңызды жақсартуға мол мүмкіндік бар. Ақшаңызды бей-берекет жұмсамаңыз.


Егіздер


Егіздер үшін бұл – жарқырайтын кезең. Қай салада болмасын жолыңыз ашық. Жыл басында көптеген ұсыныс түсуі мүмкін: іскерлік те, жеке өмірге қатысты да. Барлық сынақтан сүрінбей өтсеңіз, шілде айында жақсы нәтижелерге қол жеткізесіз. Биыл егіздердің қолындағы іс берекелі болмақ.


Шаян


Бұл жыл ер шаяндарға қарағанда әйел шаяндар үшін жеңілірек өтеді. Себебі ер адамдар өз қателігін мойындауға қиналады. Биыл психологқа барып, ішкі дүниеңізбен жұмыс істегеніңіз дұрыс. Жылын рухани дамуға арнаған шаяндар үлкен жетістікке жетеді. Ал егер бұған мән бермесеңіз, депрессиялық күйге түсу қаупі бар.


Арыстан


Арыстандар үшін соңғы жылдар жеңіл бола қойған жоқ. Биыл өз балаларыңызға көбірек көңіл бөлетін уақыт. Үлкен балаларыңыздың денсаулығына мән беріп, кіші балаларға қатысты маңызды шаруаларды реттейсіз. Кейбір арыстандарға бизнесін халықаралық деңгейге шығару мүмкіндігі туады. Энергияңыз да, жауапкершілігіңіз де мол жыл.


Бикеш


Биыл бикештерге сұраныс жоғары болады. Көпшілік сіздің көмегіңізге жүгінеді. 2026 жылы өзіңізді сәл шаршаңқы сезінуіңіз мүмкін, бірақ соған қарамастан белсенді болуға тура келеді. Жаз мезгілінде денсаулыққа мән беріңіз. Мансапта жол ашық, ал қарым-қатынас саласында аздаған күрделіліктер болуы ықтимал.


Таразы


Бұл жыл таразыларға көптеген жақсы мүмкіндік сыйлайды. Бірақ басты шарт – адамдарға жақсылық жасаудан бас тартпау, алайда өзіңізді құрбан етпеу. Қай салада болмасын жолыңыз ашық. Қаңтар айында іскерлік сапарлар күтіледі. Қаржы жағынан да оң өзгерістер болады.


Сарышаян


Биыл көптеген сарышаян тіс емдетуі мүмкін. Жалпы алғанда, жұмыс жағы аса жеңіл болмайды. Отбасыңызға көбірек көңіл бөлесіз, балалармен қарым-қатынас нығаяды. 2026 жылы өз мықтылығыңызды, даналығыңызды көрсетесіз. Үйге қатысты мәселелер шешімін табады: жөндеу жұмыстарын аяқтауыңыз немесе толықтай көшуіңіз мүмкін. Бұл — рухани дамуға басымдық берілетін жыл.


Мерген


Биыл сіздер үшін кармалық қарым-қатынастар жылы. Өміріңізге келетін де, кететін де адамдар – барлығы кармаңызға әсер етеді. Жалпы алғанда, жыл сәтті. Тек қателесуден сақ болыңыз: кейде көз байлануы, кейде алдану болуы мүмкін. Бірақ өзіңіз де өзгелерді алдамауға тырысыңыз, себебі оның салдары өзіңізге қайтады. Адамдардың сөзіне емес, ісіне сеніңіз.


Тауешкі


Бұл жыл сіздер үшін сәл шаршаңқы өтеді. Жылдың басында өзіңізді әбден шаршаңқы күйде сезінуіңіз мүмкін. Бірақ уайымдамаңыз, туған күніңізден кейін серпіліс басталады. Биыл ашуыңызды тыйып, болып жатқан жағдайларды қабылдай білуді үйренесіз. Ортаңыздағы жұмыс адамдарында трансформация жүреді, сізге сол өзгерістерді қабылдау маңызды. Қарым-қатынаста да айтарлықтай өзгерістер болады. Қанша шаршасаңыз да, барлығы өз ретімен орнығады. Денсаулыққа мән берген жөн.


Суқұйғыш


Суқұйғыштар үшін жалпы алғанда жақсы жыл. Ең бастысы – өз жолыңыздан таймай, мүмкіндіктерден қашпау. Жыл басындағы шаршаңқылық жыл ортасына қарай сейіледі. Дегенмен 2026 жылы бәсекелестік көп болады. Мұның жақсы жағына назар аударған жөн: кәсіби шеберлігіңізді арттырып, отбасыңызға, некелі жарыңызға көбірек көңіл бөліңіз. Әсіресе дизайн, сұлулық салаларында жүрген суқұйғыштар үшін өте қолайлы кезең.


Балықтар


Биыл балықтар үшін 2025 жылмен салыстырғанда жеңілірек. Дегенмен еңбек етуге тура келеді. Егер депрессияға берілмей, тәртіп пен дисциплинаны қолға алсаңыз, көптеген қиындықты еңсересіз. Денсаулыққа ерекше мән беріңіз. Масштабты істерге кірісуді жоспарлаған балықтарға сабыр қажет. 2026 жылы өмірдің барлық саласында тепе-теңдік сақталады.

222
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!