Жетібай ауылында шаруашылық қарқынды дамып келеді
Жетібай ауылында жеке шаруашылық жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Ауа-райының ыстығына қарамастан егін егіп, ауласында жеміс ағашын гүлдетіп отырғандар бар, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оған қоса құс шаруашылығын дамытып, жеке кәсіпкерлікпен де айналысып отқан жандар бар. Солардың бірі - 5 жылдан бері жылыжай ісін дөңгелетіп, халыққа таза өнім ұсынып отырған бағбан Тазабай Самаров. Бүгінде оның ауласында 60 түп жеміс ағашы жайқалып тұр. Жетібайлық тұрғынның еңбекқорлығының арқасында ауыл халқы сырттан келетін қымбат өнімге телмірмей, өз жерінде піскен, экологиялық таза әрі сапалы жеміс-жидекті тұтынып отыр. Халық арасында сұраныстың жақсы екенін айтады шаруашылық иесі.
Жылыжайдың жай-күйін жасап, халыққа таза өнім ұсынып отырған Тазабайдың ауласында алма, алмұрт, шие, шабдалы, жүзімнің түр-түрі өсіп тұр. Оған қоса қияр мен құлпынай да бар. Ауа райын сылтауратпай өз ауласында жемістің түр-түрін жайқалтқан Жетібай тұрғынының еңбекқорлығына қарап таңданасың. Тәтті де дәмді, селитрасыз өскен таза өнімге деген халықтың сұранысы жыл санап артып келеді.
"Жылыжай шаруашылығын бастағаныма бес жылдан асты. Осы уақыт аралығында біраз тәжірбие жинадым. Оңай шаруа деп айта алмаймын. Оның үстіне аулымыздың жаз айларында қандай ыстық болатыны мәлім. Дегенмен ештеңеге қарамастан "қалауын тапсаң, қар жанар" деп тәуекелге бел буып бастаған кәсібім бүгінде берекесін беруде деп айтсам артық болмас. Қияр гүлдеп өнім беруде. Оны ауыл тұрғындары мен көршілерге, дүкендерге сатамын. Сырттан келетін өнімнен бағасы төмен. Сол үшін де халықтан сұраныс жоғары. Әрі өнімдерді таза табиғи тыңайтқыштармен, селитрасыз өсіретіндіктен денсаулыққа да зияны жоқ. Осы адал кәсіптен алған өніммен бала-шағамызды асырап отырмыз. Аулада 60 түп жеміс ағашы өсіп тұр. Бұл жеміс ағаштарына күтем ерекше керек. Себебі әрқайсысының күтімі әртүрлі. Алма, алмұрт, шие, шабдалы, жүзімнің үш түрі бар. Алғшында жеміс екккенде күмән көп болды. Алайда күтімнің арқасында жеміс ағаштары гүлдеп, жемісін беріп тұр. Алдағы уақытта жылыжайдың көлемін үлкейтіп, жеміс ағаштарының да санын арттыру жоспарда бар", - дейді жылыжай иесі Тазабай Самаров.
Жеміс ағашын өсіру үшін үлкен күш пен еңбек, әрі шыдамдылық керек екені рас. Тазабай жеміс ағашын отырғызғанда халық арасында кеңінен таралған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, өз тәжірбиесінде қолданғанын айтады.
"Халық арасында көптеген аңыз-әңгімелер бар ғой. Бірін ұмытып жатсақ, енді бірін шаруашылық барысында қолданамын. Егер жеміс ағашы гүлдемей, жеміс бермей тұрса, ағаштың қасына келіп: "Жеміс өспесе, балтамен шабамын" деп балтаны көрсетіп қорқыту керек деген ырымды естігенмін. Өспей тұрған алма ағашына осы әдісті мен де қолдандым. Бір қызығы ағашым гүлдеп, жеміс берді", - дейді Тазабай Самаров.
Әр өсімдіктің тілін тапқан бағбан тек заманауи тәсілдерді ғана емес, ата-бабадан қалған көне наным-сенімдерді де сынап көрген. Ең бастысы таза ниет пен ақ жүректің арқасында шаруашылық жылдан-жылға көркейіп жатыр. Ал халық тарапынан тұрақты сұраныс бар. Күрделі кәсіпті тәуекелмен бастаған Тазабай Самаров бүгінде отбасылық бизнесін тұрақты табыс көзіне айналдырды. Ол алдағы уақытта егіс алаңын кеңейтіп, жылыжай аумағын үлкейтуді көздеп отыр. Бұл Жетібай халқы үшін сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтудың тамаша мүмкіндігі, әрі жергілікті халықты отандық, табиғи өніммен қамту аясын кеңейте түспек.
Жетібай тұрғыны Кенжебек Бейсембаев 15 жылдан бері күркетауық өсіреді. Бұл құстардың да күтімі ерекше, әрі ауылдың ыстық ауа-райына қалай шыдайтыны қызық құбылыс. Кәсіпкердің аутынша, бұл арнайы Ресей алдырған "Виктория" тұқымдас ыстыққа шыдамды күркетауық түрлері екен. Бұл құстар Жетібай ауылының табиғатына шыдамды, жергілікті климатка бейім келеді. Ауылда құс шаруашылығын дөңгелетіп отырған Кенжебек бұл істі қолға алуының бір себебі балаларының кәсіпке бейім болып, еңбек етсін деген ұстанымы.
"Өзім жұмыс істеймін. Бұл кәсіпте қосымша табыс болсын, балалырм еңбек етсін деген ниетпен бастадым. Оңай кәсіп емес. Қай құстың жағдай қандай болып тұр, ауырып тұр ма, тамағы дұрыс болмай тұр ма барлығын байқап, қарап отыру керек. Көз қырыңды салып, қарап қоймасаң құстар кейде агрессивті кейіп танытады. Бір құсқа барлығы жабылып, өлтіріп те қоюы мүмкін. Сол үшін әрдайым қарап, жем-шөбін беріп отырамыз. Құрдастарым, достарым да қызығушылық танытып айналысқысы келетінін айтады. Тіпті кәсіпті бастап, артынша құстарды асырай алмай тасап кеткендері де бар. Бұл құстарға аса ерекше күтім керек. Жем-шөптерінің өзі арзан тұрмайды. Мысалы мен құстың салмағы жақсы өсіп, еті қоңды болуы үшін қымбат жем аламын. Арзан өнімге жүгінбеймін. Сол кезде құстың жағдайы да, денсаулығы да жақсы болады. Қазіргі таңда тұрақты құс етін алатын клиенттеріміз бар. Бұл құстығ етін көбіне арнайы ем алып, диета ұстап жүрген жандар сұрайды. Себебі еті жеңіл, ақуызға бай, әрі денсаулыққа пайдалы. Ауыл тұрғындарымен қатар Ақтау қаласынан да тапсырыстар келіп жатады", - дейді Кенжебек Бейсембаев.
Балапан кезінен ерекше күтімді талап ететін күркетауық құстарының шөбі арзан тұрмайды, дегенмен өсіп, жетілген соң жақсы салмақ жинап, денсаулыққа зор пайдасын тигізетін ет береді. Күркетауықтың балапаны жұмыртқасын жарып шыққн соң арнайы жәшікте 1-1,5 айдай сақталады. Ерекше күтіп осы сәттен басталады.
"Балапандарға ерекше ықыласпен күтім көрсетеміз. Өзім осы уақыт ішінде таза 27 келі ет алдым. Бұл тәжірбиемдегі ең салмақты күркетауықтың біріә болды. Ал кейді 20-23 келідей алып жатамыз. Кәсіпті балаларыма үйретіп жүрмін. Оқу бітіріп келген балам бар. Осы кәсіппен айналыс деп күнделікті жем-шөбін беру мен күтімін көрсетіп, еңбекке баулудамын", - дейді Жетібай тұрғыны.
Жетібай мен оған іргелес елді мекендер, оған қоса Ақтау халқынан Кенжебек Бейсембаевтың өніміне сұраныс жоғары. Күркетауық еті емдік әрі диеталық қасиетімен ерекшеленетіндіктен, тұрғындар алдын ала тапсырыс беріп қояды. Төзімділік пен еңбекқорлықтың арқасында өз ауласын берекелі кәсіп көзіне айналдырған кейіпкеріміздің бұл ісі көпке үлгі.
Құс шаруашылығымен 15 жылдан бері айналысатын Кенжебек Бейсембаев биыл шаруашылын кеңейтіп, қатарға бройлер құстарын қосты. 45 күн ішінде сапалы ет беретін бройлер құстары - Кенжебек Бисембаевтың шаруашылығына жаңа серпін бермек. Ол алдағы уақытта құстардың санын көбейтуді жоспарлап отыр.