Ақтауда мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі мен әдеп нормалары талқыланды
Ақтауда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін сақтау мәселелері көтеріліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасалды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Басқосу барысында мемлекеттік қызмет саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов мемлекеттік органдардағы алдын алу жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, басты назар заң бұзушылықтардың салдарымен күресуге емес, оның түпкі себептерін жоюға бағытталғанын жеткізді.
«Департамент жанындағы әдеп жөніндегі кеңес өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Біздің басым бағытымыз – профилактика. Мемлекеттік органдарда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – біздің басты мақсатымыз»,– деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Отырыс күн тәртібінде мемлекеттік қызметтердің сапасы талқыланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері туралы сөз болды. Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Сұлтан Сәуіров мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы ішкі бақылау жұмыстарының қорытындысы туралы есеп берді.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдос Хамиев 2025 жыл мен 2026 жылдың бес айындағы қызмет нәтижелерін баяндады.
Департаменттің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы жүргізген талдамалық мониторинг нәтижелері талқыланып, өңірдегі жемқорлық тәуекелдеріне баға берілді.
Сондай-ақ жиын барысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік іс қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Кеңес мүшелері қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтау және мемлекеттік аппараттағы жұмыс тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.