Otpan News Logo

Ұстаз Ұлмекен Жарасбаева сайлауда дауыс берді

|
23.08.2026 08:15
Ұстаз Ұлмекен Жарасбаева сайлауда дауыс берді

Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылындағы №17 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Ұлмекен Жарасбаева азаматтық ұстанымын білдіріп, Құрылтай сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Ұстаздың айтуынша, сайлауға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам. Ол халықтың таңдауы мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.


«Сайлауға қатысып, таңдау жасау әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі деп ойлаймын. Біз бүгін өз таңдауымызды білдіру арқылы еліміздің ертеңіне қатысты ұстанымымызды көрсеттік. Әсіресе, ұстаз ретінде қоғамның болашағы жас ұрпақтың қолында екенін жақсы түсінемін. Сондықтан білім мен тәрбиені дамытуға, балалардың сапалы білім алып, өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бастамалардың қолдау табуы маңызды», – деді Ұлмекен Жарасбаева.


Ол тарих пәнінің мұғалімі ретінде елдің өткені мен бүгінін жақсы білудің азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, жас ұрпақ ел тағдырына бейжай қарамайтын, өз таңдауына жауап бере алатын азамат болып қалыптасуы керек.


«Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан олардың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылысты сіңіру – ұстаздардың басты міндеттерінің бірі. Мемлекеттегі кез келген өзгеріс пен даму халықтың белсенділігіне тікелей байланысты. Әр азамат өз дауысын елдің тұрақты дамуына, білім мен ғылымның, жастар саясатының және әлеуметтік саланың алға жылжуына бағытталған бастамаларға білдірсе деймін. Өз таңдауына жауапкершілікпен қарау – азаматтық мәдениеттің маңызды белгісі», – деді ол.


Ұлмекен Жарасбаева еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастап, бүгінде білім беру мен тәрбие саласында ұйымдастырушылық бағытта еңбек етіп келеді. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқушыларды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу бағытындағы жобаларды жүйелі жүзеге асырып жүр.


Ұстаз инклюзивті білім беруді қолдап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың әлеуетін ашуға бағытталған әдістемелік тәсілдерді де тәжірибесіне енгізген. Сонымен қатар, тарих сабақтарында цифрлық технологияларды тиімді пайдаланып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға мән береді.


Жас көшбасшылар жобасының жеңімпазы атанып, Грузияда тағылымдамадан өткен педагог «Zhas Project» әлеуметтік жобасының грант иегері. 2023 жылы Мұнайлы ауданы әкімінің «Жастар сыйлығы» аясында «Үздік жас ұстаз» атанған. Ал 2025 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы республикалық кадр резервіне қабылданып, болашақ мектеп басшысы ретінде кәсіби дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

74
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!