Маңғыстауда апатты тұрғын үйлер жөнделеді
Маңғыстау облысында апатты деп танылған тұрғын үйлерді жаңарту және тұрғындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласы, Бейнеу және Қарақия аудандарындағы апатты тұрғын үй қорын жаңғырту жобаларымен танысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста апатты деп танылған 61 тұрғын үй бар. Оларды кезең-кезеңімен жаңартып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жоспарланған.
Жаңаөзен қаласында 25 апатты тұрғын үйді жаңарту көзделген. Олар Вокзал, Шаңырақ және Шұғыла шағын аудандарындағы 322 пәтерді қамтиды. Жоба аясында тұрғындар жаңа үйлерге көшіріліп, ескі ғимараттар кезең-кезеңімен бұзылады. Олардың орнына инженерлік инфрақұрылымы жаңғыртылған және абаттандырылған 180 және 160 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер салынады.
Бейнеу ауданында 17 апатты тұрғын үй бар. Оның ішінде Боранқұл ауылында – 12, Есетте – 2, Ақжігітте – 2, Төлеп ауылында 1 үй орналасқан. Боранқұл және Есет ауылдарының тұрғындарын көшіру үшін жаңа тұрғын үйлер салынады. Ақжігіт пен Төлеп ауылдарындағы үйлер бойынша бұзу жұмыстары жүргізіледі.
Қарақия ауданында 15 апатты тұрғын үйді жаңарту жоспарланған. Олар Мұнайшы ауылындағы Теміржолшы және Салтанат шағын аудандарында орналасқан. Тұрғындарды жаңа үйлерге көшіру үшін жалпы 336 пәтерлі бес көппәтерлі тұрғын үй салынбақ.
Үш аумақтағы жобалар аясында жаңадан салынатын көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы ауданы 53 мың шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастап, 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімі апатты тұрғын үйлердің тұрғындарын қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету өңірдегі маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтарды қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Апатты үйлердің мәселесін жүйелі түрде шешуіміз қажет. Бұл ретте тұрғындарды көшіру, жаңа үйлердің құрылысын жүргізу және ескі нысандарды бұзу жұмыстары өзара байланысты әрі нақты жоспарға сәйкес атқарылуға тиіс. Ең бастысы – құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін ескеру. Әрбір жоба бойынша жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау қажет, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарын жеделдетіп, жобалардың белгіленген мерзімде және сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.