Дзюдодан жоғары санатты жаттықтырушы Төреекен Қобланов сайлауда таңдауын жасады
Қоғам белсендісі, дзюдо күресінен жоғары санатты, бірінші біліктілік санатындағы жаттықтырушы, ұлттық дәрежедегі төреші, жағажай самбодан Қазақстан чемпионы әрі әмбебап жекпе-жектен Әлем кубогының қола жүлдегері Төреекен Қобланов Құрылтай сайлауында азаматтық ұстанымын білдіріп, Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылында №232/1 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Спортшы ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу әр азаматтың мемлекет болашағына деген жауапкершілігін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру арқылы әр адам өз таңдауын білдіріп қана қоймай, ел дамуының алдағы бағытына да өз үлесін қоса алады.
«Сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасау азаматтық міндетім деп білемін. Құрылтай сайлауында дауыс беру арқылы елдің болашағына қатысты маңызды мәселелер бойынша өз ұстанымымызды білдіреміз. Бұл – тек бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың тағдырына қатысты таңдау. Сондықтан әр азамат дауысын елдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған бастамаларды қолдауға бергені дұрыс деп ойлаймын», – деді Төреекен Қобланов.
Спорт саласының өкілі ел болашағын айқындайтын кезеңде жауапкершілік маңызды екенін айтты.
«Бүгінгі таңдауымыз – өзіміздің болашағымызды айқындауымыз. Еліміздің дамуы үшін әр адам дауыс беріп, таңдау жасауға жауапкершілікпен қарауы маңызды», – деді ол.