Боранқұл ауылында жаңа спорт зал пайдалануға берілді
Бейнеу ауданына қарасты Боранқұл ауылында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа спорт залдың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға аудан әкімі Рахымжан Шалбаев, ауыл ақсақалдары, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты. Ашылу рәсімінде аудан әкімі жиналған қауымды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары ауылдық жерлерде жүйелі түрде іске асып жатқанын атап өтті.
Салтанатты жиында ауыл ақсақалы құттықтау сөз сөйлеп, спорт зал құрылысы белгіленген талаптарға сай әрі сапалы түрде жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына толық мүмкіндік беретінін атап өтті.
Спорт зал ауыл тұрғындарының, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуына, спорттық секциялар мен бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға арналған. Енді ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спорттық мәдениетті дамытуға жағдай жасалды.
Спорт нысанын «СМК-Атамекен» ЖШС салды. Нысан 0,63 гектар аумақты қамтиды, ғимараттың жалпы көлемі 995,40 шаршы метр.
Іс-шара соңында аудан әкімі құрылыс жұмыстарына атсалысқан мердігер ұйымға, сала мамандарына және жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барлық азаматқа алғыс білдіріп, спорт зал ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.