Президент: «Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс»
Нұргүл Алясова
|
08.09.2025 12:32

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеткенімізбен, бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі келтіріп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ.
- Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек. Ең алдымен, салықтық әкімшілендіруге назар аудару қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру үдерісі бойынша мемлекеттік органдар арасында көш бастауға тиіс. Бұл мекеме жасанды интеллектінің және басқа да озық технологияның әлеуетін салық төлеушілердің мүддесіне сай тиімді қолдануы керек. Осы жүйелі қадамның бәрі мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың мүлдем жаңа, сервистік үлгісін жасауға арналған, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс.
- Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті.
- Даму институттарының қызметін өзгертетін кез келді. Шын мәнінде, бұл құрылымдар нақты бір салаға бағытталған, терең талдау жасауға қабілетті және инвестиция салуға құқылы толыққанды даму институты ретінде жұмыс істеуге тиіс, - деді Президент.
68

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев