Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Президент: Елдегі тыныштықты қадірлеп, сақтай білуіміз керек

Гүлмира Аманжолқызы
|
08.09.2025 13:46
Президент: Елдегі тыныштықты қадірлеп, сақтай білуіміз керек
Akorda

Мемлекет басшысы қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар ортақ ұстаным қалыптастыруы қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


- “Заң және тәртіп” – мемлекетіміздің мызғымас тұғыры. Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондықтан Президент мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажеттігіне баса назар аударды. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады.


- Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегісіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады. Өкінішке қарай, солардың ішінде айқай-шу шығаратын, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әйелдер де бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс, - деді ол.


Озық ойлы ұлт болу үшін мұндай жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек. Ұлы Абай “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп бекер айтпаған.


- Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталуы қажет. Қазіргі бұлыңғыр заманда ең басты міндет – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз. Сондықтан жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамын. Әрбір азамат мемлекетшіл, отаншыл болуы керек. Бүгінде патриотизм деген сөздің сипаты, мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын бұл ұғым негізінен дәстүрлі құндылықтармен өлшенетін, тіл, мәдениет, руханият мәселесі ұлттық мүдденің өзегі ретінде саналатын. Әрине, бұл дұрыс, әрқайсысы ұлт болмысының арқауы. Оны бізден ешкім тартып алмайды, оған алаңдауға еш негіз жоқ, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!