Маңғыстауда мұнай қаржысын жымқырғандарға сот үкім шығарды

Маңғыстау облысында мұнай-газ саласындағы миллиондаған қаржы жымқыру дерегі анықталып, кінәлілер жазаланды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өткен жылы Маңғыстау облыстық прокуратурасымен мұнай-газ кәсіпорындарында тексерулер жүргізіліп, «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде жабдықты қабылдау кезінде бұзушылықтар анықталған болатын. Осыдан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Тергеу аясында 3 адам ұсталды, оның ішінде кәсіпорын мен мердігер компания басшылары да бар. Сот барлық тұлғаларды кінәлі деп танып, әртүрлі жаза түрлерін тағайындады. Атап айтқанда, кәсіпорын бас директорының орынбасары лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеті үшін сотталды. Сот оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Мердігер компанияның екі өкілі әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды, - деп жазылған МО прокуратурасы таратқан мәліметте.
Сот қылмыстық істі қарау кезінде сотталғандар 250 млн теңге көлемінде шығынды өтегені айтылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.
