Otpan News Logo

«Озан қазақ»: Елдос Емілдің шығармашылық кеші өтті

«Озан қазақ»: Елдос Емілдің шығармашылық кеші өтті

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында жыршы, дәстүрлі өнер өкілі Елдос Емілдің «Озан қазақ» атты шығармашылық кеші өтті. Рухани басқосуға ұлттық өнерді қадірлейтін көрермен қауым қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Театр фойесінде Елдос Емілдің шығармашылығына арналған фотокөрме, ұлттық нақыштағы арт-инсталляция және арнайы фотозона ұйымдастырылды. Экспозиция жыршының өнер жолынан сыр шертетін мазмұнды дүниелермен толықты.


Шығармашылық кеш бірнеше бөлімнен құрылып, әр бөлімде философиялық мазмұндағы монологтар мен дәстүрлі жыр-күй орындаулары қатар ұсынылды. Сахналық қойылымда жаратылыс, адам болмысы, рух, ар мен намыс, ұлт тағдыры секілді тақырыптар кеңінен қамтылды.


Кеш барысында Елдос Еміл қазақ жыршылық дәстүрінің көрнекті өкілдері мен ақын-жыраулардың шығармаларын орындады. Атап айтқанда, Құдас Досымұлының «Сөзбасы», Сүгір Бегендікұлының «Сүгірдің термесі», Светқали Нұржанның «Едігенің ескі жырынан» үзіндісі, Ақтан Керейұлының «Қалағандарың сөз болса» жыры көрерменге жол тартты.


Сондай-ақ жыршы Қартбай Қалқаманұлының «Күйбасы», Қоңыр Жүсіпұлының «Социалистік құрылыс», Жолды Қосайұлының «Қара жорға», Абыл Тарақұлының «Абыл» күйлерін орындап, Маңғыстау күй мектебінің айшықты үлгілерін ұсынды.


Кештің келесі бөлімінде Қашаған жыраудың Есқали сұпыға арналған толғауы орындалды. Ал финалда Елдос Еміл Аман Жәңгіров және Рафхат Ізденмен бірге халық әні «Екі жиренді», сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған бірқатар туындыларды орындады. Атап айтқанда, Е. Рахмадиевтің «Күн батты, міне, кеш кірді», Ғ. Боқаштың «Күн қайда асығады?», Д. Қанатбаев пен І. Жақановтың «Түнгі сыр» әндері шырқалды.


Шара соңында Елдос Емілге Маңғыстау облысы әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды.

Рухани кеш қазақтың жыршылық өнерінің мазмұндық тереңдігін көрсетіп, ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды мәдени шара ретінде көрермен жадында қалды.

38
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!