Маңғыстауда отбасы құндылықтарын нығайтуға арналған аймақтық форум өтті
Ақтау қаласында отбасы институтын нығайту мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Отбасы және қоғам: жаңа мүмкіндіктер кезеңі» атты аймақтық форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шара облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, «Аналар кабинеті» қоғамдық қоры және жергілікті кәсіпкер әйелдердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев форумда сөйлеген құттықтау сөзінде отбасы – ұлт пен мемлекеттің берік тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қандай өзгеріс болса да ұлттық құндылықтарға деген құрмет үзілмеуі тиіс, өйткені берік отбасы ғана саналы ұрпақ тәрбиелейді. Әке мен ананың рөлі айрықша екенін атап өткен спикер ұлттық тәрбиені заманауи біліммен ұштастырудың маңыздылығына тоқталып, бүгінгі форум отбасылық саясатты дамытуға, тәжірибе алмасуға және қоғаммен бірлесе жұмыс істеуге арналған маңызды алаң екенін айтты.
- Отбасы – ұлттың тәрбиесі мен мемлекеттің беріктігін айқындайтын басты құндылық. Қандай заман болса да ұлттық салт-дәстүр мен рухани мұраны сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Берік отбасы ғана саналы қоғам қалыптастыра алады, – деді Аббат Өрісбаев.
Жиынға қоғам қайраткерлері, сарапшылар, кәсіпкерлер, көпбалалы аналар, білім саласының өкілдері, сондай-ақ Астана, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан келген делегациялар қатысты.
Форум аясында төрт бағыт бойынша секциялық отырыстар өтті.
Атап айтқанда, «Отбасы: салт-дәстүр сабақтастығы» секциясында ұлттық тәрбиенің отбасындағы орны мен рухани құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды.
«Мемлекет. Қоғам. Бала құқығы» бағытында бала құқықтарын қорғау және әйелдердің қоғамдағы рөлі сөз болды.
«Отбасылық кәсіп» секциясында отбасылық бизнесті дамыту тәжірибелері ұсынылды.
Ал «Қоғам және инклюзивті орта» бөлімінде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелері қаралды.
– Негізгі мәселелер талқыланып, өзекті әңгімелер өрбіп елге тағылым болатындай, ұрпаққа сабақ болатындай нәтижелі болды деп есептеймін. Мұнымен тоқтап қалмай, еліміздің әр өңірінде өткізілсе екен деген тілегім бар. Елде сана жоқ емес, бар. Бізге сабыр мен салмақтылық, рухани азық болу үшін ата-бабамыздан келе жатқан өсиетті сөзді жеткізіп, отбасындағы тәрбие үлгісін көрсетуіміз керек, - деді форум спикері, халық емшісі Қаламқас Құлбарақова.
Ал ҚР Бала құқықтары жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша уәкілі Тілектес Болатбаева форумның негізгі идеясы ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен ұштастыруға бағытталғанын атап өтті.
Форум соңында ұлттық нақыштағы жергілікті брендтердің сән көрсетілімі ұйымдастырылып, өңірдің әлеуметтік-рухани дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері Алғыс хаттармен марапатталды.