Маңғыстаулық метеоролог жыл үздігі атанды
Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп келе жатқан метеоролог Петр Иванович Лупенков «Жақсы Адам – 2025» арнайы сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Марапат «Jibek Joly» телеарнасының бастамасымен табысталып, лауреатқа 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Петр Иванович 30 жылдан астам уақыт бойы гидрометеорологиялық станцияда аса күрделі, әрі толық оқшау жағдайларда қызмет атқарып келеді. Оның күнделікті жұмысы әр үш сағат сайын ауа райы деректерін тіркеу, жедел метеосводкалар жолдау, сондай-ақ авиация мен теңіз кемелері үшін дауылды ескертулер дайындауды қамтиды.
Қиындыққа толы еңбек жолында ол талай сын-қатерді еңсерді. Әсіресе 1990 жылдары станцияны тонаудан қорғап қалуы - кәсібіне деген жауапкершілігі мен адалдығының айқын көрінісі. Сол кезеңдерде тұрмыстық жағдайдың қиындығына қарамастан, өз міндетін тастамай, кейде күнкөрісін өзі аулаған балық пен аң-құспен қамтамасыз еткен.
Петр Иванович Лупенковтің көпжылдық табанды еңбегі мен мамандығына деген адалдығы - жас буынға үлгі. «Жақсы Адам – 2025» сыйлығы оның қоғам үшін маңызы зор еңбегіне берілген лайықты құрмет.