БЖЗҚ 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті мөлшерін жаңартты
Қазақстанда 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі жаңартылды, деп хабарлайды otpannews.kz Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына сілтеме жасап.
БЖЗҚ-ның мәліметінше, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады. Бұл талап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған әдістеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №521 қаулысымен бекітілген.
2026 жылға арналған жеткіліктілік шегін есептеу барысында «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көрсетілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізге алынған. Атап айтқанда:
• ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;
• ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге;
• күнкөріс минимумы – 50 851 теңге.
Осы көрсеткіштерге сәйкес, 2026 жылы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері орта есеппен 10 пайызға артты. Қор өкілдері бұл өсім инфляцияның қазіргі және болжамды деңгейлеріне сай келетінін атап өтті.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі – міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтың зейнет жасына жеткен кезде ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес төлем алуды қамтамасыз ету үшін шотта қалуы тиіс ең аз сомасы. Бұл сома әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне, күнкөріс деңгейіне, сондай-ақ инфляция мен инвестициялық табыстылыққа қарай есептеледі.
Яғни, жеткіліктілік шегі – зейнет жасына жеткенде азаматтың зейнетақы төлемдері (ең төменгі базалық зейнетақыны ескере отырып) ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмауы үшін шотта сақталуы қажет ең төменгі қаражат көлемі.