Otpan News Logo

Маңғыстауда спорттағы дарынды балаларға арналған алғашқы мектеп-интернат колледжі ашылды

Маңғыстауда спорттағы дарынды балаларға арналған алғашқы мектеп-интернат колледжі ашылды

Енді маңғыстаулық жас спортшылар арман қуып алысқа бармайды. Ақтауда спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл мектептің өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде ел намысын қорғауға қабілетті чемпиондарды дайындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.


«Біріншіден, бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортты дамыту – осы мақсаттағы маңызды қадам. Екіншіден, Маңғыстауда бұрын-соңды спорт интернаты болған емес, біздің балалар басқа қалаларға барып оқитын. Енді болашақ Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондары осы жерден шығады деп үміттенеміз. Спорт интернаты 9 ай балаларды оқытады. Жаз бойы бұл балалар лагері болады. Яғни, бұрынғы функциясын атқарады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Интернат-колледж 300 оқушыға арналған. 250 бала жатақханаға орналасса, қалған 50 оқушы үшін арнайы тасымал қызметі ұйымдастырылған. Мектепте бокс, дзюдо, таеквондо, еркін және грек-рим күресі сынды олимпиадалық спорт түрлері бойынша сабақтар жүргізіледі. Оқушылар күн сайын екі мезгіл тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен жаттығады.


Жаңа оқу орнының инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жасақталған. Мұнда спорт және күрес залдары, оқу кабинеттері, кітапхана, медициналық орталық, жатақхана мен асхана бар. Білім мен спорттық дайындық мемлекеттік стандарттар мен спорт талаптарына сәйкес жүргізіледі.

104
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!