Құрық ауылында тәулігіне 10 мың текше метр су өндіретін зауыт іске қосылды
Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында жаңа су тұшыту зауыты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаңа зауыт Мемлекет басшысының су тапшылығын жою және ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында салынды. Жобаны «Алёка» ЖШС жүзеге асырған.
Жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын зауыт аумағында 50 ұңғыма жұмыс істейді. Нысанда су тазартуға арналған құм сүзгілері, бетонды резервуарлар және тәулігіне 5 мың текше метр су өндіре алатын екі осмос қондырғысы орнатылған. Зауыттың жалпы қуаттылығы тәулігіне 10 мың текше метрді құрайды.
Жоба аясында Құрық ауылы тәулігіне 4 мың текше метр ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал өндірілген судың қалған бөлігі Жылы жағажай бағытына, Ақтау қаласына және Мұнайлы ауданының Батыр ауылына жеткізіледі.
«Құрық ауылында іске қосылған су тұщыту зауыты – өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Аталған нысан халықтың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Ауыл тұрғындары да жобаның тиімділігін атап өтті.
«Халыққа жақсылық жасаймыз деген ел басқарып жүрген ұлтжанды азаматтарға рақметімді айтамын. Өмірдің нәрі су болмаса, өмірдің мәні болмайды», - деді Қарақия ауданының тұрғыны Мүсір Байесенов.