Otpan News Logo

Маңғыстаулықтар ойлап тапқан «Alemgo» жедел жеткізу сервисін 56 елде қолданады

Маңғыстаулықтар ойлап тапқан «Alemgo» жедел жеткізу сервисін 56 елде қолданады

Маңғыстаулық Арман Сатбеков пен Ерасыл Смағұлов жедел жеткізуге арналған «Alemgo» мобильді қосымшасын жасап, оны халықаралық деңгейге шығарды, деп хабарлайды otpannews.kz.


«Alemgo» – сәлемдемені жолаушылар арқылы жылдам әрі қауіпсіз жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи цифрлық платформа. Қазіргі таңда қосымша әлемнің 56 елінде қолданылып жатыр.


Жоба сәлемдеме жіберуші мен жолға шығатын жолаушыны бір экожүйеде біріктіреді. Қолданушылар әуе, теміржол немесе автокөлік бағыттарын таңдап, жеткізу бағасын өзара келіседі. Қосымшада «Сәлемдемені жіберу» немесе «Сәлемдемені алу» қызметі қолжетімді. Жеткізу процесі QR-код арқылы расталып, барлық әрекет цифрлық форматта тіркеледі.


«Alemgo» дәстүрлі постамат немесе курьерлік қызмет емес. Бұл – жолаушылар көмегімен жүзеге асатын жаңа форматтағы жеткізу жүйесі. Жұмыс істеу қағидаты InDrive моделіне ұқсас болғанымен, платформа қалааралық такси қызметін, сондай-ақ әуе және теміржол бағыттарын біріктіретін бірегей сервисті ұсынады.


Қосымшаның дизайны, логикасы және технологиялық шешімдері толықтай жергілікті IT-мамандардың еңбегі. Жоба идеясы күнделікті өмірде жиі кездесетін «Кім ұшып бара жатыр?» деген сұрақтан туындаған. Telegram чаттарда бейберекет жүргізілетін келіссөздерді бір жүйеге келтіру қажеттілігі авторларды толыққанды цифрлық платформа жасауға жетелеген. Қосымша бірнеше ай бойы әзірленіп, ресми түрде авторлық құқықпен қорғалған.


Қазіргі таңда «Alemgo»-ны 4 мыңнан астам қолданушы жүктеп алған. Оның 3 мыңы App Store, 1 мыңы Google Play арқылы тіркелген. Платформада 300-ден астам тапсырыс орналастырылған. Әзірге монетизация іске қосылмағандықтан, орындалған жеткізілімдер бөлек есептелмейді. Жобаның тиімділігі тіркелген курьерлер мен жүргізушілер санына тікелей байланысты. Осыған орай, команда сервисті кеңінен таныстырып, жаңа қатысушыларды тартуды жоспарлап отыр.


Жоба авторлары қауіпсіздікке ерекше мән берген. Курьерлер мен жүргізушілер міндетті түрде верификациядан өтеді, жеткізу QR-код арқылы бекітіледі, ал чаттағы барлық хат алмасулар мен уақыт белгілері сақталады. Бұл жүйе кездейсоқ чаттар немесе әуежайда бейтаныс адамдар арқылы жүзеге асатын жеткізулерге қарағанда әлдеқайда сенімді.

 

62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!