Otpan News Logo

Ақтауда Рухия Батыршиеваның мерейтойлық кеші өтті

Ақтауда Рухия Батыршиеваның мерейтойлық кеші өтті

Ақтауда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, күйші, педагог Рухия Батыршиеваның 70 жылдығына арналған «Ән-күй ғұмырым, ұстаздық тұғырым» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Салтанатты концертте өнер иесінің ұлттық музыка өнеріне қосқан үлесі кеңінен дәріптелді. Кеш Шәмші Қалдаяқовтың «Жаңғырған Маңғыстау» әнімен ашылды. Бағдарлама барысында әріптестерінің видеоқұттықтаулары ұсынылып, «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен хор ұжымы өнер көрсетті.


Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, өңір басшысы мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаровтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ облыс әкімі атынан Рухия Батыршиеваға шапан жабылды. Ақтау қаласының әкімі де мерейтой иесіне құттықтау жолдады.


Концерттік бағдарламада Маңғыстау өңірінің дәстүрлі ән-күй мұралары кеңінен қамтылды. «Ақжарма» ансамблі Қоңыр Жүсіпұлының «Жайма қоңыр» күйін орындаса, Рухия Батыршиева ансамбльмен бірге термелерден үзінді ұсынды. Халық әндері мен композиторлық шығармалар да көрерменге жол тартты.


«Күй тартыс» бөлімінде белгілі күйшілер өнер көрсетіп, кештің соңында Рухия Батыршиеваның балалары мен шәкірттері сахнаға шығып, ұстазға деген құрметін білдірді. Кеш «Түпқараған маршы» мен «Ақтау шаттығы» шығармаларымен қорытындыланды.

30
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!