Otpan News Logo

Қазақстанда жеке куәлікті алу тегін болады

|
22.12.2025 11:01
Қазақстанда жеке куәлікті алу тегін болады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары жеке куәлікті алғаш рет рәсімдегенде және оның мерзімі аяқталған соң ауыстырғанда мемлекеттік баж төлемейді. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz.


Ішкі істер министрлігі құжаттандыру жүйесін цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Қазіргі таңда паспортты электронды түрде рәсімдеу қызметі Қазақстан аумағымен шектелмей, шетелде де қолжетімді. Аталған қызмет 71 мемлекеттегі 99 шетелдік мекемеде іске қосылған.


Соның нәтижесінде шетелде жүрген отандастарымыз паспортты бұрынғыдай ұзақ күтпей, небәрі 30 күн ішінде ала алады. Азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау үшін құжат рәсімдеу тәртібін оңайлату және цифрлық шешімдерді енгізу алдағы уақытта да жалғасын таппақ.


Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықовтың айтуынша, Қазақстанда азаматтарды құжаттандырудың біртұтас ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жүйе арқылы ЖСН беру, жеке куәлік пен паспорт рәсімдеу, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу жүзеге асырылады.


Жаңа өзгеріске сәйкес, 2026 жылдан бастап жеке куәлікті алғаш алу және оның жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін жаңарту толықтай тегін болады. ІІМ бастамасымен қолға алынған бұл қадам құжат алу үдерісін жеңілдетіп, халықтың қаржылық шығынын азайтуға бағытталған.


— Жеке куәлік алғаш рет берілгенде де, мерзімі өтіп кеткен жағдайда ауыстырылғанда да мемлекеттік баж алынбайды, — деп нақтылады комитет төрағасы.


Айта кетейік, бүгінде Қазақстан азаматтары жеке куәлікті онлайн түрде де рәсімдей алады.

62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!