Отбасылық психолог Айсұлу Азаматова: Сталкинг – махаббат емес, психологиялық зорлық
Отбасылық психолог Айсұлу Азаматова сталкингті махаббат емес, психологиялық зорлық деп сипаттайды. Ол адамның еркінен тыс аңду, үзіліссіз қысым көрсету және эмоционалдық манипуляция арқылы құрбанын психологиялық тәуелділікке түсіру екенін айтады. Мамандар жәбірленушілерге нақты қорғау жолдарын, соның ішінде әлеуметтік желілерде бұғаттау, хабарламаларға жауап бермеу және қажет жағдайда полицияға хабарласу қажет екенін ескертеді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маманның сөзінше, сталкерді бірнеше белгі арқылы анықтауға болады. Ең алдымен, ол адамның «жоқ» деген сөзін қабылдамайды. Бас тартуға қарамастан, байланысын үзбейді, эмоция білдірмейді, шекараны түсінгісі келмейді. Екіншіден, эмоционалды тұрақсыздық тудырады. Бірде «жақсы көремін» деп сезімін білдірсе, бірде сол сезім арқылы қорқытып, манипуляция жасайды. Үшіншіден, жеке шекараны мүлде сыйламайды. Түнде хабарлама жазу, қайта-қайта қоңырау шалу немесе баратын жерден «кездейсоқ» кездесіп қалу арқылы адамға тоқтаусыз қысым көрсетеді.
«Сталкерлер көбіне өз құрбанын психологиялық тәуелділікке түсіреді. Қазақша айтқанда, сөзге байлап, тәуелді махаббат қалыптастырады. Бақылау, аңду, үздіксіз мазалау арқылы адамның психологиялық тұрақтылығын әлсіретеді. Өкінішке қарай, мұндай қысым кей жағдайда өліммен немесе жәбірленушінің суицидке баруымен аяқталып жатады. Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде өңірімізде де сталкинг салдарынан болған ауыр жағдайлар жиілеп барады», – дейді Айсұлу Азаматова.
Психологтың айтуынша, сталкинг құрбандары көбіне өздерін кінәлай бастайды. «Мен сол жағдайға қалай жеттім? Мен кінәлімін бе?» деген сұрақтар мазалайды. Алайда жауапкершілік әрдайым зорлық көрсеткен адамның мойнында. Сталкер «жақсы көремін» деген сөзді желеу етіп, психологиялық манипуляция жасайды. Соның салдарынан жәбірленуші шынайы жағдайды бірден бағамдай алмай қалады.
Осындай жағдайда мамандар толыққанды консультация мен терапия жүргізеді. Жүйелі психологиялық жұмыс арқылы адам біртіндеп өзінің кінәсі жоқ екенін түсініп, эмоционалдық тәуелділіктен шыға бастайды.
«Ең бастысы – аңду мен бақылау махаббат емес. Бұл – мазасыздық тудыру, психологиялық қысым жасау. Көмекке жүгіну, яғни психологқа бару немесе полицияға хабарласу өте дұрыс әрі қалыпты әрекет. Бұл әлсіздік емес, керісінше, өзіңізді қорғау. Өз қауіпсіздігіңіз үшін жауапкершілік алудан қорықпаңыз және қажет болса, міндетті түрде көмек сұраңыз», – дейді отбасылық психолог Айсұлу Азаматова.
Маман сталкингтен қорғанудың да нақты жолдарын атап өтті. Ең алдымен, геолокацияны өшіріп, әлеуметтік желілерде бұғаттау қажет. Хабарламаларға жауап бермеу, диалогқа түспеу маңызды. Міндетті түрде жақындарыңызға айту керек. Егер мазалау тоқтамаса немесе қауіп күшейсе, 102 нөміріне хабарласып, полиция органдарына жүгіну қажет.