Маңғыстауда жастарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық салдары түсіндірілді
Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам – нөлдік төзімділік мәдениеті» тақырыбында жастармен кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесудің мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның құқықтық салдары және жәбірленушілерге көрсетілетін көмек түрлерін түсіндіру. Іс-шараға Ақтау қаласы полиция басқармасының отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Гүлназ Абдрахманова мен Ақтау қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығы халықпен профилактикалық жұмыс маманы Айгерім Еспаева қатысты.
Мамандардың айтуынша, егер зорлық-зомбылық әрекеттерін байқасаңыз, оны елемеу қауіпті. Мұндай жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу керек.
«ҚР Қылмыстық кодексінің сталкинг туралы бап енгізілді. Атап айтқанда, адамды аңду, қудалау немесе қорқыту сталкинг болып есептеледі. Қазіргі таңда оқу орындарында, мекемелерде құқықтық сауаттылық арттыру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Биыл ҚК-ның 108 және 109 баптары бойынша 5 жағдай тіркелді», - деді Гүлназ Абдрахманова.