«Organic Fish»: Каспийде өсірілген балықтар қыркүйекте сатылымға шығады
Өңірде «Organic Fish» ЖШС Каспий теңізінде балық өсіру шаруашылығымен айналысып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жоба Құрық портынан шамамен 20 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің терең су бөлігінде албырт тұқымдас балықтарды теңіз тор қоршамаларында өсіруді көздейді. Кәсіпорынның өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, жылына 5 мың тоннаға дейін тауарлы балық өндіру жоспарланған.
2025 жылғы қыркүйекте теңізге диаметрі 38 метр болатын алғашқы үш тор қоршама орналастырылды. Сол жылдың қараша айынан бастап жыл соңына дейін оларға жалпы салмағы шамамен 20 тонна болатын 95 мың дана балық шабағы жіберілді. Бастапқыда орташа салмағы 200 грамм болған балықтардың қазіргі салмағы 1,8-2,5 килограмға дейін жетті.
Кәсіпорын алғашқы өнімін биыл қыркүйек айында алып, ішкі нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданындағы «Organic Fish» ЖШС-нің Каспий теңізінде балық өсіру шаруашылығының жұмысымен танысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін үнемі атап келеді. «Organic Fish» жобасы осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі. Каспий теңізінің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа өндіріс бағытын қалыптастыру арқылы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Сондықтан жобаның өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, белгіленген жоспарларды сапалы жүзеге асыру маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жобаның өндірістік қуатын арттыру мақсатында биыл тағы үш теңіз тор қоршамасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта олар белгіленген учаскелерге орналастырылып, бекіту жұмыстары атқарылуда. Қосымша тор қоршамаларды қыркүйек айының басына дейін іске қосып, оларды балықтандыру жоспарланған.
Жыл соңына дейін барлық алты тор қоршамаға шамамен 470 мың дана балық шабағын орналастыру көзделіп отыр. Шабақтардың орташа салмағы 200-300 грамм, жалпы биомассасы шамамен 114 тоннаны құрайды.
Жоспарға сәйкес, жобаның өндірістік қуаты 2026 жылы 150 тонна, 2027 жылы 1 300 тонна, ал 2028 жылы 5 мың тонна тауарлы балық өндіру деңгейіне жеткізіледі. Алдағы кезеңде тор қоршамалар санын одан әрі көбейту көзделіп отыр.