Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылауды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады. Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді. Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді. Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет. Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмайды. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түседі. Оған жол беруге болмайды, - деді Президент.
Жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмағанын атап өтті. Бұл өңірлердегі жағдайға кері әсер етеді.
- Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Сондай-ақ осы жиында ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстарды да ескерген жөн. Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс. Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.