Маңғыстауда психологтар құмар ойынға қарсы жаңа әдістер үйреніп жатыр
Ақтауда өңірдің 70-ке жуық психологы қатысатын «Құмар ойынға патологиялық тәуелді адамдарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету» тақырыбындағы үш күндік семинар ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Семинар барысында қатысушылар тәуелділікке шалдыққан адамдармен жұмыс жүргізудің жаңа әдістерін меңгеріп, қауіпті мінез-құлықты анықтау, отбасы мүшелерімен өзара әрекеттесу және дағдарыс жағдайында қолдау көрсету жолдарын үйренеді.
Спикерлер қатарында Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқанов, психология магистрі Леся Бикетова, психиатр-нарколог Шайзат Тлеубаева болды. Олар құмар ойынға тәуелді азаматтармен тиімді коммуникация орнату, диагностикалау әдістері және алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру туралы тәжірибелік кеңестер берді.
- Маңғыстау облысында ресми статистика бойынша құмар ойынға тәуелді азаматтар тіркелмеген. Алайда мұндай мәселеге тап болған адамдар қоғамда бар. Сол азаматтарға қолдау көрсетуде маңызды рөл атқаратын психологтардың кәсіби біліктілігін арттырып жатырмыз, - деді Мәди Тоқанов.
Іс-шараны Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылып отыр. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.