2026 жылдан бастап 217 ауыл мектебінде дзюдо секциялары ашылады
2026 жылдан бастап «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 217 жаңа мектепте дзюдо секцияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Азия дзюдо одағының президент кеңесшісі, бірнеше дүркін әлем чемпионы Айдар Махметов және «Жеңіс» спорт клубының бас директоры Тимур Тұрсынбаевпен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынып жатыр.
Соңғы жылдары қазақстандықтардың дзюдоға қызығушылығы артып келеді. Бұл спорт түрі кеңінен танымал бола бастады. Сондықтан министрлік федерациямен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Өз кезегінде дзюдо федерациясының өкілдері аталған мектептерде ашылатын секциялар үшін білікті жаттықтырушыларды даярлауға, спорт залдарды қажетті инвентармен жарақтандыруға және оқушыларды арнайы кимонолармен қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, жоба ең алдымен ауылдық мектептерді қамтиды.