Disney-дің «Аңдар шаһары 2» фильмі қазақ тілінде: Алматыда көп күткен тұсаукесер өтті
Алматыда Disney студиясының көпшілік сүйіп көрген «Аңдар шаһары» мультфильмінің жалғасы «Аңдар шаһары 2» қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Көрсетілімге танымал актерлер, қоғам қайраткерлері, депутаттар, дубляж шеберлері мен отандық блогерлер қатысты.
Фильм 27 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында қазақ және орыс тілдерінде көрерменге жол тартады.
Бұл - биыл Disney компаниясының қазақша сөйлеткен төртінші туындысы. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен әлемдік студиялар соңғы екі жылда премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Тек 2024 жылы ғана Disney «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» фильмдерін толық қазақша дубляжбен шығарды. Биыл көрерменге «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» да ұсынылды.
Тұсаукесерде дубляжға қатысқан актерлер де көрінді. Олар актриса және әнші Сабира Жарасқызы Джуди Хоппстың, театр және кино актёры Бақытжан Әлпейіс Милтон Рыcевичтың, театр және кино актёры Асан Мәжит Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), театр және кино актёры Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын дыбыстады.
«Енді «Аңдар шаһары» сынды танымал туындының екінші бөлімі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерістерді көрсететін маңызды оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді», - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Аңдар шаһары 2» фильмінде детективтер Джуди Хоппс пен Ник Уайлд аңдар шаһарын дүрліктірген жұмбақ рептилияның ізіне түседі. Тергеу барысында екеуі бүркемеленіп жұмыс істеп, көптеген қауіпті әрі қызықты сынақтан өтеді.