Ақтауда SuperStar KZ жобасының іріктеу кезеңі өтуде
Бүгін, 6 сәуір күні SuperStar KZ жобасының кезекті іріктеу кезеңі Ақтау қаласында өтуде, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақтаудағы іріктеу кезеңіне қатысу үшін Атыраудан да қатысушылар келген. Qazaqstan ұлттық телеарнасының креативті продюсері Алтынбек Рахметов Ақтау қаласындағы іріктеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, Ақтау - жоба қамтыған екінші өңір. Алғашқы іріктеу Шымкент қаласында өтіп, қатысушылардың белсенділігі жоғары болған.
- Ақтау қаласына да үлкен сенім артамыз. Бұл - өнері өркендеген, таланттарға бай өңір. Осы өлкенің өнерлі жастары арасынан жаңа жұлдыздардың шығатынына күмән жоқ. Бүгінгі эстрадамызға жаңа леп, жаңа бағыт қажет деп санаймыз. Басты мақсатымыз - жас таланттарды тауып, отандық музыкаға жаңа толқын әкелу. Қазіргі жастардың музыкалық талғамы ерекше, олар әлемдік үрдістерге жақын. Сондықтан жаңа форматтағы іріктеу арқылы ең үздік қатысушыларды анықтаймыз, - деді Алтынбек Рахметов.
Жоба кураторының мәліметінше, іріктеу кезеңі осы айдың соңына дейін жалғасады. Бастапқы кезең Шымкент қаласында өтсе, финалдық іріктеу Алматы қаласында ұйымдастырылады. Жалпы жоба Қазақстанның 9 қаласын қамтиды деп жоспарланған.
Мамыр айында барлық қатысушылардың өнері қайта сараланып, іріктеудің келесі кезеңіне жолдама алады. Жобада 150 қатысушы ғана эфирлік кезеңге өтеді.
Маусым айынан бастап жобаның түсірілім жұмыстары басталып, жаңа жылға дейін жалғасады. Бағдарлама тікелей эфирде көрсетіліп, көрермендер өз таңдауларын жасап, қатысушыларға дауыс беру арқылы қолдау көрсете алады.
Қазылар алқасының құрамында Ерболат Беделхан, Мақпал Исабекова және Ләйла Сұлтанқызы болады. Ал жобаны Балжан Бидаш пен Ғалымжан Кеңшілік жүргізеді.
Айта кетейік, офлайн кастингтер 4-26 сәуір аралығында Қазақстанның 9 қаласында өткізіледі. Атап айтқанда, 4 сәуір күні Шымкент қаласында басталған іріктеу 6 сәуірде Ақтауда жалғасса, 8 сәуір - Ақтөбе, 10 сәуір - Семей, 12 сәуір - Павлодар, 15 сәуір - Қостанай қалаларында өтеді.